АҚШ қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы сенат тыңдауына арналған ғаламдық қауіп-қатер жайлы жыл сайынғы баяндамасын әзірледі. Ол сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитет сайтында жарияланды.
Баяндамада АҚШ пен одақтастарына қауіп төндіреді делінген Қытай мен Ресей мәселесіне көп көңіл бөлінген.
Құжат авторлары баяндамада әлем "ғаламдық стратегиялық бәсеке кезеңін" бастан өткеріп жатыр деп жазған. Осындай шақта АҚШ-тың басты қарсыластары – Қытай мен Ресей АҚШ-тың әскери үстемдігіне нұқсан келтіру үшін құралдар әзірлеп жатыр. Мәселе әскери шаралардан бөлек, прокси-жасақ, кибершабуыл, ақпаратты бұрмалау, қарсыластың экономикалық қуатына нұқсан келтіру сияқты "сұр аймақ" деп аталатын ұғым жөнінде болып отыр.
Баяндаманы әзірлеген мамандар Ресей қарулы күштерін АҚШ-қа ірі қауіп төндіретін күш ретінде атайды. Олардың пікірінше, қарулы күштер Ресей үшін сонымен бірге аймақта ықпалын сақтап қалудың құралы.
"Мәскеу АҚШ пен НАТО-ны Ресей қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ірі қатер, өзінің геосаяси мақсаттары мен қазіргі режиміне нұқсан келтіретін күш ретінде қарастырады. Мәскеу өзінің бірқатар саяси, экономикалық, дипломатиялық, барлау, қоғамдық және әскери құралдарын пайдаланады, бірақ Батыспен бетпе-бет текетірестен өзін аулақ ұстайды" делінген құжатта.
Баяндамада Ресейдің ядролық және ядролық емес күштерінің модернизациясы жөнінде толық айтылған. Атап айтқанда, Ресей алдағы жылдары ядролық арсеналын арттырады деген болжам бар. Мәскеу "Новичок" сияқты адамның жүйке жүйесін істен шығаратын жарияланбаған химиялық қару қорына да ие, сондай улы заттан оппозициялық саясаткер Алексей Навальный уланған болуы мүмкін.
Ресей Таулы Қарабақ мен Беларусьті интервенция жасауға тәуекел етпеді, бірақ өзге тәсілдер арқылы аймақта ықпалын сақтап қалғысы келеді дейді баяндама авторлары. Атап айтқанда, Қарабақта ресейлік бітімгер сарбаздарды орналастыру арқылы Мәскеу Кавказда ықпалын күшейткен. Әскери күшпен қорқыту Ресейдің Украинаға ықпал етуінің басты тетігі болып қалды дейді сарапшылар.
Баяндама авторлары Ресей қазір АҚШ-пен тікелей текетіресуге мүдделі емес, алайда Батыспен конфронтациядан да бас тартпайды деген қорытынды жасайды.
Құжатта Ресейдің көрші елдер мен НАТО-ға мүше елдердің ішкі саясатына араласуға талпынуы, коронавирус індеті кезіндегі ақпараттық кампаниялары жайлы көп айтылған. Баяндама авторлары Ресей оны "Батыс елдерінің үкіметіне нұқсан келтіру үшін құрал ретінде пайдаланады" дейді.
ПІКІРЛЕР