Стамбулда Әзербайжан оппозициясының белсендісі Байрам Мамедовтің денесі табылды. Оның неден қайтыс болғаны белгісіз, түрік полициясы тергеу жүргізіп жатыр.
Мамедовтің достары 4 мамырда әлеуметтік желіде NIDA жастар қозғалысы мүшесінің мәйіті екі күн бұрын "теңізден табылды" деп жазды. Мамедовтің Стамбулдағы достарының бірі Эльгих Кахраман Turan агенттігіне полицияның түрлі нұсқаларды қарастырып жатқанын хабарлады.
Мамедов тағы бір демократияшыл белсенді Гияс Ибрагимовпен бірге Әзербайжанның қайтыс болған президенті Гейдар Әлиевтің (қазіргі президент Ильхам Әлиевтің әкесі) Бакудегі ескерткішіне 2016 жылы "Құлдар күнімен құттықтаймыз!" деп жазғаннан кейін қоғам назарына ілінген. Дәл сол күні Әлиевтің туған күні болған.
Екеуі де артынша "есірткі саудасы" бойынша 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Мамедов тергеу органдарының мойындату үшін өзін азаптағанын айтқан.
Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты 2020 жылы әзербайжан үкіметін Ибрагимов пен Мамедовке өтемақы төлеуге міндеттеген. Еуропа соты белсенділердің заңсыз ұсталғанын және полицияның оларды мойындату үшін қатыгездік танытқанын айтқан.
Amnesty International екі белсендінің саяси қызметі үшін қудаланып жатқанын мәлімдеп, оларды "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған.
ПІКІРЛЕР