Accessibility links

Денсаулық басқармасы "вакцинадан кейін" қайтыс болды делінген адам өліміне қатысты түсініктеме берді


Жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы "коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін" қайтыс болған қала тұрғынының өліміне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Tengrinews сайты хабарлады.

Бұған дейін марқұмның туыстары Бақытжан Нұртазиннің өліміне "дәрігерлер салғырттығын" кінәлаған еді.

Басқарманың хабарлауынша, 42 жастағы Бақытжан Нұртазин коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 12 сәуірде салдырған. Басқарма өкілдері "процедура хаттамаға сәйкес болды" деп сендіреді.

"21 күннен соң ол вакцинаның екінші дозасын алды. Дәрігерлер жағдайының орташа болғанын айтады. 30 минут бақылауда болып, процедурадан кейін Нұртазин үйіне қайтып кетті" делінген ведомство хабарламасында.

Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, үйде ер адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болған.

"Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүрек-қантамыр жүйесі жетіспеушілігінен қайтыс болған. Себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нәтижесі қосымша хабарланады, түпкілікті диагнозы гистологиялық зерттеуден кейін анықталады" деді дәрігерлер.

5 мамырда Азаттыққа сұхбат берген марқұмның туыстары Бақытжан Нұртазинге вакцина салғаннан кейін дәрігерлердің оны хаттамаға сәйкес, пунктіде жарты сағат бақылауда ұстамағанын айтқан. Ол үйге келгеннен кейін лоқсып құса берген. Қан қысымы жоғары болған. Жедел жәрдем көлігі де кешігіп жеткен. Марқұмның өліміне қатысты берілген куәлікте "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп жазылған.

Видео: Алматылық тұрғын екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар. Тергеу басталды (5 мамыр 2021 жыл).

Алматылық тұрғын екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар. Тергеу басталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Талдықорғанда да "вакциналаудан кейін" үйіне келіп, қайтыс болды делінген медицина қызметкерінің өлімін зерттеп жатқанын хабарлаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG