Accessibility links

Өзбекстанда прокурор билікті сынаған блогерге 11 жыл түрме жазасын сұрады


Блогер Отабек Саттори.
Блогер Отабек Саттори.

Өзбекстанның Сурхандария облысының прокуроры "бопсалау" және "жала жабу" баптары бойынша айыпталған блогер Отабек Сатториге 11 жыл түрме жазасын сұрады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті құқық қорғаушылар блогердің қуғындалуын өткір сынаған.

4 мамыр күнгі сот отырысында прокурор айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай отырғандықтан және іс бойынша жәбірленуші деп танылған адамдарға келтірген шығынын өтемегендіктен "бұдан жұмсағырақ жазаға лайықты емес" деді.

Наурыз айында ісі қарала бастаған Саттори өзіне қарсы қозғалған істің қолдан ұйымдастырылғанын және жалған ақпаратқа негізделгенін айтқан. Оған "бопсалау", "жала жабу" және "тіл тигізу" баптарымен айыптар тағылып отыр. Сатторидің жақтастары мен құқық қорғаушылар блогер тәуелсіз ақпарат таратқаны үшін қудаланып отыр деп санайды.

40 жастағы Саттори Сурхандария облысының басшысы Тура Боболовты өткір сынаумен танымал. Өзінің "Халық пікірі" атты видеоблогында Саттори жергілікті билікті блогерлерді қудалағаны үшін айыптап, қуғынға қарамастан шенеуніктер арасындағы жемқорлық мәселесін әрі қарай да қаузай беретінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG