Accessibility links

Тәжікстан шекарадағы қақтығыс кезінде қанша адамның зардап шеккенін ресми мәлімдеді


Қақтығыстың салдарынан өртеніп кеткен тәжік ауылдардың біріндегі үй. 2 мамыр Соғды облысы, Тәжікстан.
Қақтығыстың салдарынан өртеніп кеткен тәжік ауылдардың біріндегі үй. 2 мамыр Соғды облысы, Тәжікстан.

Тәжікстан билігі өткен аптада қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыс кезінде қанша адамның жараланып, қаза болғанын ресми мәлімдеді.

Тәжікстанның Соғды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенген Азаттықтың Тәжік қызметі ("Озоди радиосы") қақтығыс кезінде тәжік жағынан 19 адам қаза тауып, 87 адамның жараланғанын жазды.

Тәжік тарабы адам шығыны мен жараланғандар жайлы ақпаратты қақтығыс өткеннен кейін бірнеше күннен соң жариялап отыр. Бұған қоса, тізімде қаншасы әскери қызметкер, қаншасы бейбіт тұрғын екені нақтыланбаған.

"Озоди радиосы" бұған дейін қаза болған 20 адамның 11-і әскери қызметкер екенін анықтаған.

28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, қырғыз жағынан 36 адам, оның екеуі бала, қаза болған. 183 қырғыз азаматы жараланған.

Қақтығыстың салдарынан Қырғызстанның Баткен облысында 78 тұрғын үй, екі мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, үш шекара бекеті, балақша, он жанар-жағармай станциясы, милиция бөлімшелері, сегіз дүкен өртенген. Тәжік билігі қандай да бір нысандардың бүлінгені жайлы ақпарат таратпады, алайда зардап шеккен ауылдарға барған тілшілер Ходжаи Ало ауылындағы бүлінген және өртенген ғимараттардың суретін жариялады.

1 мамырда Баткен облысында екі ел үкіметтерінің делегациясы делимитация және демаркация мәселелері бойынша келіссөз өткізді, кездесу кезінде тараптар атысты толық тоқтату және шекарадан әскер әкету туралы келісімге келген.

Екі ел прокуратурасы ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG