Accessibility links

Тихановская Беларусь бойынша халықаралық конференция өткізуге шақырды


Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская Венада журналистерге сұхбат беріп жатыр. Австрия, 26 сәуір, 2021 жыл.
Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская Венада журналистерге сұхбат беріп жатыр. Австрия, 26 сәуір, 2021 жыл.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская өз еліндегі дағдарыстан шығу үшін жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өткізу жөнінде ұсыныс тастады.

Twitter-де жазған мәлімдемесінде ол Беларусь «демократиялық күштерінің, сондай-ақ Еуропа одағының, Ресейдің, Ұлыбритания мен АҚШ-тың үкіметтері, парламенттері және азаматтық қоғам топтарының» және Александр Лукашенко режимі өкілдерінің қатысуымен мұндай конференция өткізу «өте маңызды» екенін айтты.

6 мамырдағы жазбасында Тихановская Еуропа одағын Беларусьтің азаматтық қоғамы мен экономикасына көмек көрсетудің кешенді жоспарын жариялауға шақырды. Ол 4 мамырда мұндай өтінішті Еуроодақ мемлекеттері сыртқы істер министрлеріне және халықаралық қатынас комитеттеріне жолдағанын хабарлады.

Бұдан бұрын да Тихановская АҚШ конгресі комиссиясының алдында онлайн сөз сөйлеп, жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға шақырған. Ол Америка Құрама Штаттарын Лукашенконы «әрі қарай оқшаулай түсу» үшін дипломатияны қолдауға үндеді. Оның айтуынша, қазір әлемнің бірауыздылығы мен нақты әрекеттері өте маңызды. Әлем Беларусьтегі дағдарыстың ауқымын түсінуі керек, бұл елдегі режим дүниежүзіне «белорустарды ұмыттырып жіберуге» күш салып жатыр деді Тихановская.

Светлана Тихановская былтыр тамызда Беларусьте өткен президент сайлауына оппозиция атынан кандидат ретінде қатысқан. Алтыншы мерзімге президенттіктен үміт етіп, додаға түскен Александр Лукашенко бірінші турда жеңіске жеткенін мәлімдеген. Содан бастап елде ұзақ уақыт ондаған мың адам қатысқан наразылық шерулері өтіп, олар күштеп таратылды.

Еуропа елдерінің басым бөлігі мен АҚШ Беларусьтағы сайлау нәтижесін мойындамайтынын, Лукашенконы президент деп танымайтынын мәлімдеп, қайта сайлау өткізуге шақырған.

Сайлаудан соң елден қашып шыққан Светлана Тихановская қазір Латвияда тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG