Accessibility links

Орал тұрғыны "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 10 тәулікке қамалды


Маруа Ескендірова
Маруа Ескендірова

7 мамырда кешкісін Оралдағы автобус аялдамасында ұсталған белсенді Маруа Ескендірова әкімшілік қамауға алынды. Тергеушілердің айтуынша, ол "халықты заңсыз митингіге шақырған". Ескендірова бұл айыппен келіспейді.

Іс материалдарына сенсек, Ескендірова әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы "Орал тұрғындарын 7 мамырда көк киім киіп митингіге шығуға шақырған". Полиция ол "бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзды" деп ұйғарып, хаттама толтырған. Артынша сот Ескендірованы он тәулікке қамау туралы шешім шығарды, оның кәмелетке толмаған баласы бар екені ескерілген жоқ.

Маруа Ескендірованың айтуынша, полиция ұстаған кезде ол қала тұрғындарымен кездесу болатын тұңғыш президент паркіне бара жатқан. Кездесу кезінде Қазақстанда адам құқықтарының бұзылып жатқаны жөнінде Еуропарламент депутаттары мен жергілікті билік өкілдеріне арнап видеоүндеу жазу жоспарланған, митинг өткізу мақсаты болмаған. Оның айтуынша, әкімшілік кодекстің өзіне қатысты қолданылған бабы видеоролик түсіруге тыйым салмайды.

Үндеу жазуға қатысуды жоспарлаған тағы бірнеше адам үйлерінің қасында күзетіп тұрған полицейлерді байқаған. Солардың бірі Бекболат Өтебаев полиция ұстап әкетеді деп ойлап, үйінен сыртқа шықпай отырған. 1 мамырға жоспарлап, жергілікті әкімдік рұқсат бермеген митингінің бастамашысы болған Дархан Қайырбаев та сол күні үйінің жанында полицейлер тұрғанын айтты.

Видеоүндеу жазылады деген уақытта Оралдағы тұңғыш президент паркіне 7 адам келген. Жиынға барған белсенді Орынбай Оқасов видеоүндеуді бәрібір түсіре алдық дейді.

— Еуропарламентке заңбұзушылық туралы, биыл ақпанда қабылдаған қарардың орындалмай жатқаны туралы айтқымыз келеді. Саяси тұтқындарға бостандық беріп, адам құқықтарының қорғалуын талап етеміз және Қазақстан жерін сатуға қарсымыз, — деді Азаттық тілшісіне телефонмен сұхбат берген Оқасов.

Оның айтуынша, видеоүндеу түсіріп жатқанда алаңда көп полицей болған, бірақ олар ешкімді ұстамаған.

1 мамырда Оралдағы қоғам белсенділері Маруа Ескендірова мен Орынбай Оқасовты қаланың екі бөлігінде әртүрлі уақытта полиция ұстап, бөлімшеге апарып, бірер сағаттан соң босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG