Accessibility links

Берік Уәли: Жеңіс күніне байланысты мерекелік шаралар келесі жылға ауыстырылды


Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіндегі ескерткіш маңында тұрған адамдар. 9 мамыр, 2018 жыл.
Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіндегі ескерткіш маңында тұрған адамдар. 9 мамыр, 2018 жыл.

"Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты" Қазақстанда 9 мамырда атап өтілетін Жеңіс күні мерекесіне орай ешқандай шара ұйымдастырылмайды. Бұл жөнінде Facebook-тегі парақшасында Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Оның айтуынша, "Дәстүрлі мерекелік шараларды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданған". Мерекелік шара орнына президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа "арнайы құттықтауын жолдайды".

Берік Уәлидің айтуынша, 1941-45 жылдардағы соғысқа қатысқан ардагерлерге жеңіс күні мерекесіне орай материалдық көмек көрсетілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, қазір Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 665 ардагері бар, мемлекет олардың әрқайсына бір миллион теңгеден (2,3 мың доллардай) қаржы бөлген.

Қазақстанда былтыр да 9 мамыр күні қоғамдық шара ұйымдастырылған жоқ. Елде коронавирус жұқтырған алғашқы адамдар тіркелген соң президент 16 наурыздан төтенше жағдай жариялап, қатаң карантин енгізген. Төтенше жағдай 11 мамырда аяқталғанымен, карантин ережесі біраз уақыт сақталды.

8 мамырдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 340 мыңнан асты, 3 889 адам осы дерттен көз жұмды.

  • 1945 жылғы 8 мамырда нацистік Германияның толық капитуляциясы туралы актіге қол қойылды. Соңғы мәліметтер бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 50 миллионнан астам адам қаза тапты, оның 27 миллионы – Совет одағының азаматтары.
  • Тарихшылардың дерегі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан халқының алтыдан бірі – 1,3 миллион адам қатысты, соның 410 мыңы майданнан оралмады.
  • Батыс елдерінің көбі 8 мамырда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын еске алу және бейбітшілік күні ретінде атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG