Accessibility links

HRW әйелдер құқығын қорғайтын Стамбул конвенциясының қарсылыққа ұшырғанына алаңдайды


Түркия Стамбул конвенциясынан шыққан соң бұл елде әйелдер наразылығы күшейді
Түркия Стамбул конвенциясынан шыққан соң бұл елде әйелдер наразылығы күшейді

Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы 10 мамырда таратқан мәлімдемесінде Еуропа кеңесіне мүше елдерді әйелдерге зорлық-зомбылықпен күресті күшейтуге шақырды.

HRW Еуропа кеңесі әйелдер құқығы туралы Стамбул конвенциясының орындалуы мен оны ратификациялауды талап етуі керек деп есептейді. Ұйым кейбір елдерде Стамбул конвенциясы қарсылыққа ұшырап, әйелдер құқығы тапталып жатқанын айтады.

HRW бұл мәлімдемесін Стамбул конвенциясына (ресми атауы – Әйелдерді зорлау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бойынша Еуропа кеңесінің конвенциясы) 10 жыл толғанда жариялады.

Әйел құқығын қорғау үшін қабылдаған Стамбул конвенциясын Еуропа кеңесіне мүше 47 елдің 33-і ратификациялаған. 12 ел, ішінде Украина да бар, құжатқа қол қойғанымен, ратификациялаған жоқ. Ал Ресей мен Әзербайжан конвенцияға мүлде қол қоймаған.

HRW пандемия кезінде әйелдерге қол көтеру мен зорлық-зомбылық көбейген тұста кейбір елдер конвенциядан шығып, кейбірі шығамыз деп сес көрсетіп отырғанына алаңдаушылық білдірді.

"Covid-19 пандемиясы кезіне әйелдер мен қыздарға зорлық-зомбылық көбейіп, олардың күнделікті өмірі мен денсаулығы қауіп төндіріп жіберді. Осы шешуші сәтті Еуропа кеңесіне мүше елдер Стамбул конвенциясын орындау арқылы әйелдер мен қыздардың құқығын, өмірін алға қоятынын дәлелдеуі тиіс" деді Нью-Йоркте орналасқан ұйымның әйелдер жөніндегі сарапшысы Хиллари Марголис.

Стамбул конвенциясында біраз елдің заңдарына енбеген жыныстық харассмент, күштеп үйлендіру сынды заң бұзушылықтардан; жасына, жынысына, жыныстық орентациясына, иммиграция статусына, мүгедектігіне қарамастан әйелдерді қорғау қарастырылған.

Биыл жыл басында Түркия Стамбул конвенциясынан шығып кетті. HRW Анкараның бұл әрекетін "елдегі әйел құқығының артқа кетуі және аймақ үшін қауіп" деп атады.

2020 жылы Польша әділет министрі конвенциядан шығу мәселесін көтеретінін айтса, Венгрия мен Словакия парламенті конвенцияны ратификацияламай қойған. 2018 жылы Болгария конституциялық соты конвенцияны "Конституцияға сай емес" деп тапқан.

"Консерватив ұстанымдағы саясаткерлер мен топтар Стамбул конвенциясы "дәстүрлі" отбасы түсінігіне қауіп төндіреді, гомосексуализмді насихаттайды, ұлттық құндылықтарға қауіп төндіреді деп қате түсінеді" дейді HRW.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG