Accessibility links

"10 жылда тек 72 млн адам". Қытайда халықтың өсуі күрт төмендеген


Бейжің орталығында жүрген тұрғындар. 3 мамыр 2021 жыл.
Бейжің орталығында жүрген тұрғындар. 3 мамыр 2021 жыл.

Қытай билігі 11 мамырда 2020 жылғы халық санағының нәтижесін жариялады. Санақ нәтижесіне сай, кейінгі он жылда Қытай халқы 72 миллионға ғана өскен. Қазір бұл елде 1 миллиард 412 миллион адам бар.

Бұл елде әр жыл сайын халық 0,53 пайызға өскен. Осыған дейінгі он жылдықтарда халықтың өсімі жыл сайын 0,57 пайызды құраған еді.

Санақ қорытындысына сай, Қытайда 2020 жылы 12 млн бала дүниеге келген, бұл 2016 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге аз.

2016 жылы Қытай билігі елде қарттардың көбеюіне алаңдап, «Бір отбасы – бір бала» саясатын тоқтатқан. Осы саясат тоқтаған соң бір-екі жыл елде туу деңгейі өскенімен, кейін қайта төмендеп кеткен. Алдағы уақытта Қытай әлемдегі ең халқы көп мемлекет статусынан айырылуы мүмкін. Үндістан халық саы бойынша қазір бұл елге жетіп қалды. Қазір Үндістанда халық жыл сайын шамамен бір пайызға өсіп жатыр.

Қытайдың мемлекеттік статистика басқармасының басшысы Нин Цзичжэ "елде еңбекке қабілетті 16-59 жастағы 880 млн адам бар" деді. Дегенмен елде жұмыс күші төмендеп келеді. Сарапшылар бұл болашақта Қытай экономикасының өсуіне кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.

ҚЫТАЙДЫҢ "БІР ОТБАСЫ – БІР БАЛА" САЯСАТЫ

1979 жылы ел билігі қалада тұратын этникалық қытайларға бір баладан артық өмірге әкелуге тыйым салған. Ал ауыл тұрғындарына бірінші баласы қыз болса, екінші баланы өмірге әкелуге мүмкіндік берілді. Басқа ұлттарға екі-үш балаға рұқсат болған. Ережені бұзғандарға үлкен көлемде айыппұл салынып, кейбіріне еркінен тыс аборт жасатқан.

Қытайдың бұл саясатына 1970 жылдардағы кедейшілік пен аштық түрткі болды. Себебі елде бір әйелге орта есеппен алты баладан келген еді.

2016 жылы Қытай бұл саясатты жойып, бір отбасыға екі баладан өмірге әкелуге мүмкіндік берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG