Accessibility links

Ресейде мигрант балаларды мектепке қабылдау бұрынғыдан да қиындады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде 1 сәуірден бастап балаларды мектепке қабылдаудың жаңа ережесі күшіне енген. Енді мектеп әкімшілігі ІІМ базасынан балалардың тіркеуден өткенін тексеріп, тек содан кейін ғана оның "Ресейде қалуға құқығы бар ма, жоқ па?" деген мәселені шешеді. Мигрант баланы мектепке қабылдау процесі бұрыннан қиын болған: оларды орыс тілін білмегені немесе құжаты түгел болмағаны үшін оқуға алмай қоятын. Сарапшылар жаңа ереже жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін деп алаңдайды. "Гражданское содействие" комитетінің (Ресей билігі бұл ұйымды шетел агенті деп таныған, комитет өкілдері онымен келіспейді) адвокаты Мария Красова кейде мигрант баланы мектепке қабылдаудан бас тартуға ешқандай ресми себеп болмайтынын айтып, бәріне ксенофобия кінәлі деп есептейді.

Ресей оқу-ағарту министрлігі бұұйрық шығарып, мектепке бала қабылдаудың жаңа ережесін бекіткен. Іс жүзінде бұл ереже көп өңірде бұрыннан қолданыста бар. Бірақ бұрын баланы тіркеуден өткізу туралы талаптың заңды негізі болмаса, енді жаңа құжат ресми түрде ондай тексеру жүргізуге рұқсат береді.

Адвокат Мария Красова.
Адвокат Мария Красова.

Адвокат Мария Красованың айтуынша, қазір мигрант баланы көбіне тіркеуден өтпегені немесе орыс тілін білмегені үшін мектепке қабылдамайды. Әр өңірдегі жағдай әртүрлі. Мәскеуде көбіне балаларды тіркеу мәселесіне бола оқуға қабылдамаса, Мәскеу облысында орыс тілін білу мектепке қабылдаудағы негізгі критерий саналады.

– Ресми түрде тіл білмеу мектепке қабылдауға шектеу бола алмайды. Бала орыс тілін нашар білсе, оған керісінше, жаңа ортаға бейімделіп, басқа адамдармен араласып, орыс тілін үйрену үшін мектепке бару керек. Бірақ іс жүзінде ата-анасы Ресей азаматтығын алған балалардың көбі орыс тілін білмегеніне бола мектепке бара алмайды, – дейді адвокат.

Ауғанстанда туған Фархад дәл осындай жағдайда қалған. Ол 2017 жылы Ресей азаматтығын алған. 2018 жылы үш баласына да азаматтық берілген. Бір жылдан кейін Фархан балаларын Ресейге көшірген. Ол кезде екі баласы – 12-де, үлкен қызы 13 жаста еді. Олар орыс тілін білмеген.

– Мәскеу облысындағы Котельники қаласында тұрамын. Сонда №1 мектепке бардым. Директор "Балалар орыс тілінде сөйлей алмайды, оларға әуелі тіл үйретіп, содан кейін ғана құжаттарын рәсімдеу керек" деп, Люблинодағы мектепке ақылы оқуға жіберді, – дейді Фархад. Ол үш бірдей баланы ақша төлеп оқытуға жағдайы болмағанын айтады.

– Жалғыз өзім жұмыс істеймін, бәріне бірдей ақша тауып бере алмаймын. Пәтер жалдап тұрамын, балаларды ақылы мектепке беру қиын, – дейді Фархад.

Фархад балалары орыс тілін тезірек меңгеріп, мемлекеттік мектепке қабылдануы үшін жеке мұғалім жалдаған. Мұғалім балаларды бір жылдан аса уақыт оқытқан. Осы уақыт ішінде Фархад балаларын мектепке қабылдауды сұрап өтініш беріп үлгерген. Бұл жолы Фархадтың өтінішін "уақытша тіркеуден өтпегені" үшін кері қайтарған. Ол уақытша тіркеу анықтамасын алып, бүкіл құжатын директорға апарған кезде мектепте бос орын болмай қалған.

– "Онда маған балаларды мектепке қабылдаудан бас тартқаныңыз туралы ресми қағаз жазып беріңіз. Білім министрлігіне барамын" дедім. Мектепке қабылдауға қажетті құжаттарымның бәрі түгел болды, – дейді ол.

Директор Фархад сұраған қағазды жазып берген. Осыдан кейін ол "Гражданское содействие" комитетіне жүгінген. Сотта Фархадтың мүддесін адвокат Мария Красова қорғаған.

2020 жылғы ақпанда Фархадтың балалар мектепке баруға мүмкіндік алған, бірақ оқуға қабылдау процесі бір жылдан көп уақытқа созылған. Красова бұл ұзақ мерзімге жатпайтынын, кейде ата-аналар балаларының білім алу құқығын қорғауға бұдан әлдеқайда көп уақыт жұмсайтынын айтады. Машақаты бірнеше жылға созылғандар да бар.

Мысалы, биыл сәуірде Мәскеу қалалық соты 2018 жылдан бері мектепке оқуға кіре алмай келген Ауғанстанда туған төрт баланың пайдасына шешім шығарды. Оларды Мәскеу қаласында тіркелмегенсіңдер деп мектепке қабылдамаған. Ресми түрде баланы оқуға қабылдаудан бас тартуға мектепте орын жоқғы ғана себеп бола алады, басқа кез-келген нәрсе оған кедергі болмауы тиіс.

Бұл сот процесі үш жылға созылған. Бірінші және екінші инстанцияда сот білім департаментін жақтап, заң бұзу фактілерін анықтауға тырыспаған. Красова Жоғарғы сотқа кассация шағымғын түсіріп, 2020 жылғы маусымда жеңіп шыққан. Төменгі сатыдағы соттар соған дейін шығарған шешімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жолданды.

Жоғарғы соттың шешімі адвокаттар үлгі қылатын прецедент қалыптастырды.

– Біз сотқа барып, құқығымыз бұзылды деп, департаменттен әкімшілік сот ісін жүргізу туралы кодексте көрсетілген шараларды орындауды сұраймыз. Сот "Иә, дұрыс айтасыз, сіздің құқығыңыз бұзылған, департаментті бұл мәселені қайта қарауға міндеттейміз" дейді. Олар мәселені қайта қарайды, біз сот талабын алып, сот орындаушыларына барамыз. Ары қарай сот орындаушылары не істеуге болатынын ойланады. Осының бәріне бір немесе екі жыл кетеді. Осынша уақыт балалар мектепке бармайды, – дейді адвокат Красова.

Әзірге бұл мәселені баланы ақылы мектепке ауыстыру, тіркеуге тұруға байланысты қиындықтар болса, Мәскеу облысына көшу немесе отбасында оқу түрін таңдау сияқты бірнеше әдіспен шешуге болады.

– Яғни, ата-ана баланы үйде оқытады, ал мектепте ол тек аттестациядан өтеді. Бізде көбі мектепке барып оқығанды қалайды, сондықтан отбасында білім алып жүрген бала өзін мектепте оқуға ауыстыруды сұрап өтініш жазса, мектептің басқа амалы қалмайды. Әзірге бары – осы, – дейді Красова.

"Гражданское содействие" комитетінің сарапшысы Константин Троицкий.
"Гражданское содействие" комитетінің сарапшысы Константин Троицкий.

Барлық ата-ана бірдей баласының білім алу құқығын бірнеше жыл бойы қорғауға дайын емес, сондықтан мәселенің шынайы ауқымын бағалау қиын. Біреулер жағдайға көндігіп, ешкімнен көмек сұрамайды, енді бір ата-ана бірден баласын жекеменшік мектепке ауыстырады. Бұл ақпаратты "Гражданское содействие" комитеті дайындаған "Мектепке қабылдаудың жаңа ережесі туралы" баяндаманың авторы Константин Троицкий де растайды.

– Мектепке қолжетімділікті бұзу жөнінде ресми статистика жүргізілмейді. Ресей билігі жалпыға ортақ білім беру туралы айтады, бірақ іс жүзінде бәрі мүлде басқа, – дейді комитет қызметкері.

Негізі мәселенің бірі – мынау: әкімшілікке мектепке қабылдау туралы өтініштің күшін жою қиын емес. Оқу-ағарту ісі министрлігінің бұйрығында бұл туралы нақты ереже жазылмаған.

– Оларда өтініштің күшін жоюға мүмкіндік беретін себептер тізімі болса, әңгіме басқа. Ал қазір бір нәрсе ұнамай қалса, "құжаттарын толық өткізген жоқ" деген сылтаумен өтініштің күшін жоя салады. Қандай құжаттар өткізілгені ешкімді қызықтырмайды. Негізі ата-ана құжаттарын қандай күйде әкелсе де, мектепте бос орын, ал көз алдыңда бала тұрса, заң бойынша, оны оқуға қабылдауға міндеттісің. Бірақ бізде заң бұлай жұмыс істемейді. Өйткені орыс тілін білмейтін баланы мектепке қабылдаған директор сау басына сақина тілеп алады. Директорға бұл жұмысты қалай жүргізуге болатынын түсіндіріп, қолдау көрсетсе, баламен арнайы маман жұмыс істесе, қолдау көрсету қызметі болса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Ал қазір "міне мәселе, қалай шешсең, өзің біл" дегеннің кері болып отыр. Директорларды да түсінемін. Оларды ақтамаймын, бірақ директордың мойнына шенеуніктердің міндетін іліп қойған. Олар көші-қон қызметінің жұмысын атқарып, құжат тексеруге міндетті емес, – дейді Красова.

ІІМ-нің 2020 жылғы желтоқсандағы дерегіне жүгінсек, Ресейде 6 млн еңбек мигранты бар. Пандемияға байланысты олардың көбі үйіне қайтқан, сондықтан еңбек мигранттарының саны алдыңғы жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда біршама қысқарған. Әдетте Ресейде бір мезетте 10-11 миллион еңбек мигранты болады.

Ресейге қоныс аударатын мигрант балалар көп емес. Росстат дерегінше, 2019 жылы Ресейге 15 жасқа дейінгі 67 мың шетелдік келген. Олар көбіне ірі қалаларда тұрақтайды. Экономика жоғарғы мектебінің білім институты ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазір Мәскеу мектептерінің өзінде осындай 60 мың бала білім алып жатыр.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалы орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG