Accessibility links

Халықаралық ұйымдар өзбек блогеріне шыққан сот үкімін айыптады


Блогер Отабек Саттори.
Блогер Отабек Саттори.

Халықаралық ұйымдар Өзбекстан сотын тәуелсіз блогер Отабек Сатториге шыққан сот үкімінің күшін жоюға шақырды. "Жала жабу" және "бопсалау" баптары бойынша айыпталған блогер осы аптада 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Құқық қорғаушылар іс "қолдан ұйымдастырылды" деп санайды.

10 мамырда Сурхандария облысының соты билікті өткір сынап жүрген Отабек Сатториге үкім оқыған. Құқық қорғау тобы билік сыни жазбалары үшін блогерді жазалап отыр деп санайды.

40 жастағы Саттори өзіне қозғалған істің "жалған ақпаратқа негізделгенін" айтады. Сатторидің адвокаты үкімді аппеляцияға бермекші.

Билік Отабек Сатториді дереу босатып, журналистерге қорықпай еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс деді штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ).

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар үйлестірушісі Гүлноз Саидтің мәлімдемесінде Сатториге шыққан үкім арқылы билік қазан айына белгіленген президент сайлауы қарсаңында баспасөзді қорқытуға тырысып отыр деп жазылған.

Ал "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы блогерге тағылған жасанды айып – биліктің жемқорлық мәселесін қозғап, билікті сынап жүргендерді басып-жаншуға тырысуының көрінісі деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG