Accessibility links

Мусин: Ресей Байқоңырдан "Протон" ұшыруды қысқартып жатыр, 2026 жылы мүлде тоқтатады


Ресейлік "Протон" зымыран тасығышы Байқоңыр айлағынан көтеріліп барады. 2019 жыл.
Ресейлік "Протон" зымыран тасығышы Байқоңыр айлағынан көтеріліп барады. 2019 жыл.

Ресей Байқоңырдан "Протон" зымыран-тасығышын ұшыруды қысқартып жатыр, 2026 жылға қарай оны пайдалануды мүлде тоқтатады. Бұл туралы сәрсенбі күні мәжілістің пленарлық отырысында цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

"2016 жылы Ресеймен жыл сайын бестен артық "Протон" зымыран тасығышын ұшырмау жөнінде келісім болды, 2026 жылға таман оны пайдалануды мүлде тоқтатады" деді Мусин.

Мусиннің айтынша, 2020 жылы Ресей "Протонды" Байқоңырдан бір ақ рет ұшырған. Ал 2021 жылдың зымыран ұшу жоспарын әзірге бермеген.

Қазақстанда экобелсенділер гептилді отын ретінде пайдаланатын "Протон" зымыранының қоршаған ортаға әсеріне алаңдайды. Ал билік зымыран ұшырылғаннан кейін комиссия зымыран бөлшектері құлаған жерді қарап, топырақты тазарту және рекультивациядан өткізу бойынша жұмыстар жүргізіледі деп жиі айтады.

2013 жылы жазда Протон зымыраны "Байқоңыр' ғарыш айлағынан көтеріле бере құлап, шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил төгілген. Ғарыш айлағына жақын жердегі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғындары зиянды гептил "бұлтына" куә болған. Кейбір мәліметке қарағанда, "Протон" қолданылған жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 404 зымыран ғарышқа ұшырылып, оның 49-ы апатқа ұшыраған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап, 2050 жылға дейін жылына 115 миллион долларға жалға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG