Accessibility links

Татарстанда мектепке шабуылда мерт болғандар жерленді. Ел аза тұтып жатыр


Татарстанның Қазан қаласындағы мектепке шабуыл кезінде қаза болған тоғыз марқұм, бүгін, 12 мамырда жерленді. Ал Ресей тергеушілері осыған дейін сотталмаған я қандай да бір жауапқа тартылмаған жігіттің мектепке шабуыл жасауына не түрткі болғанын тексеріп жатыр.

11 мамырда Қазандағы №175 мектепке 19 жастағы жігіт шабуыл жасап, жеті оқушы, бір мұғалім және бір қызметкер қаза болған. 23 адам жараланған, олардың 20-сы оқушы. Қазір олар ауруханада жатыр. Мерт болғандардың көбі мұсылман отбасынан.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мектепке 19 жастағы Ильназ Галявиев шабуылдаған. Қазір ол қамауда. Татарстанның тергеу комитеті "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Тергеудің дерегінше, күдікті алдымен жарылғыш затты іске қосып, кейін оқ ата бастаған. Оқушылардың кейбірі оқтан қашпақ болып, үшінші қабаттан секірген.

Интерфакс агенттігінің жазуынша, Галявиев Татарстан менеджмент университетінде оқуға түскен, бірақ үлгерімі төмен болғандықтан бір ай бұрын оқудан шығарылған.

Татарстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Ирина Волынец ТАСС агенттігіне "19 жастағы жігіт не үшін шабуыл жасағаны әлі белгісіз" деген.

"Галявиев полицияның я кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияның есебінде болмаған. Белгілісі, оның отбасы ешқандай күдік тудырмаған. Оқу орны оны өзін жақсы ұстайтын, сипайы, қарапайым студент деп сипаттайды" деді ол.

Ресей президенті Владимир Путин азаматтар еркін сатып ала алатын қарулардың тізімін қайта қарауды тапсырды.

Шабуыл жасалған мектепте мыңнан аса оқушы оқыған, 57 педагог жұмыс істеген.

Мемлекеттік думаның депутаты Александр Хинштейннің сөзінше, Галявиев 28 сәуірде қару ұстауға рұқсат алған, онда Hatsan escort PS мылтығы болған.

Хинштейн Қазандағы бұл мектепте күзет болмағанын, тек ескерту батырмасы орнатылғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG