13 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров телефон арқылы сөйлесіп, өзара ынтымақтастық мәселелерін және қырғыз-тәжік шекарасындағы соңғы оқиғаларды талқылады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Қазақстанның ресми органдары әзірге бұл телефон әңгіме жайлы ақпарат таратпады.
Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер бір-бірін Ораза айт мерекесімен құттықтап, жақсы тілектер айтысқан. Бұған қоса, аймақтағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын, оның ішінде Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасында болған соңғы оқиғаларды талқылаған.
"Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа жағдайға назар аударып, қайрат танытып, қолдау көрсеткені үшін және Баткен облысындағы шекараға жақын ауыл тұрғындарына гуманитарлық жәрдем бергені үшін ризашылық білдірді" делінген баспасөз хабарламасында.
28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бітімгер болуды ұсынған еді. Бұған қатысты екі жақтан қандай да бір жауап болған жоқ.