Accessibility links

Ресейде алғаш рет үндістандық коронавирус штамы анықталды


Мамыр айында Ресейге Үндістаннан келген Ульянов мемлекеттік университетінің 16 шетел студентінен коронавирустың үндістандық штамы (B.1.617) анықталды. Бұл туралы Роспотребнадзордың Ульянов облысы бойынша басқармасына сүйенген "Коммерсантъ" басылымы жазды.

"Студенттер оқшауланды, олар Ульяндықтармен сөйлесіп те үлгермеген. Оларды жеткізген екі жүргізуші бақылауға алынды. Студенттерге 14 күн бойы көппен араласуға тыйым салынған. Оңаша тамақтанып жатыр. Әрқайсысына медициналық қызметкер бекітілген, күніне екі рет дене қызуы өлшенеді. Хостел жұмысшылары олардың кір-қоңын жуып, бөлмелерін тазалап, қызмет көрсетеді" деді Роспотребнадзордың бөлім жетекшісі Диляра Хакимова.

Студенттермен араласқан – шамамен 120 адам да екі аптаға оқшауланған, олар қашықтан оқиды. Жоғары оқу орнында санитарлық-эпидемиологиялық шаралары күшейді деп жазды "Фармвестник".

Хакимованың пікірінше, вирус таралмас үшін қажетті барлық шара жасалған. Федералдық басшылыққа да үндістандық штамм жайлы ақпарат жіберілген.

Аймақ үкіметі үндістандық штамның анықталуына байланысты қосымша профилактикалық шаралар қабылданбайтынын айтты.

"Роспотребнадзор қабылданған шаралар әзірге жеткілікті деп санайды. Қажет жағдайда билік қосымша шара қолданады" деді губернатордың орынбасары Александр Костомаров.

  • Коронавирустың үндістандық штамы SARS-CoV-2 вирусының төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ғаламдық деңгейде алаңдаушылық тудыратын штамдар тізіміне енгізген. Бұл тізімге вирустың тез жұғатын, ауруды асқындырып жіберетін және вакцина мен дәрі-дәрмекке бой бермейтін түрлері енген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG