Accessibility links

Израиль Газа секторын бомбалады, палестиналықтар ракета атқылады


Израильдің Газа секторына жасаған әуе шабуылынан қираған ғимараттар. 11 мамыр 2021 жыл
Израильдің Газа секторына жасаған әуе шабуылынан қираған ғимараттар. 11 мамыр 2021 жыл

Израиль әскерилері мен палестиналық топтар арасындағы қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып жатыр. Израиль 12 мамырда Газа секторына әуеден шабуыл жасап, ХАМАС тобының командирін өлтірді. Бұған жауап ретінде ХАМАС Израиль тарапын ракетамен атқылады.

10 мамырдан бері Газа секторында 67 адам мерт болып, жүздеген адам жараланған. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар.

Израиль көшелерінде еврейлер мен израильдік арабтар төбелесіп, жанжалдасқан.

АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьері Бенжамин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Израильге қолдау білдіріп, ХАМАС тобының ракета шабуылдарын айыптаған.

Нетаньяху Газа секторындағы ХАМАС пен басқа да "террористік топтардың" күшін әлсірету үшін әскери қимылдарды жалғастыра беретінін айтқан.

Газа секторынан атылған ракетадан қираған ғимарат. Петах-Тиква, Израиль. 13 мамыр 2021 жыл.
Газа секторынан атылған ракетадан қираған ғимарат. Петах-Тиква, Израиль. 13 мамыр 2021 жыл.

ХАМАС тобы да күресті жалғастыра беретінін жеткізді. Топтың саяси жетекшісі Исмаил Хания "жаумен келіссөз жүргізуден пайда жоқ" деді.

Израиль әскерилерінің сөзінше, Газа секторындағы ХАМАС тобы мен басқа да топтар Израиль тарапына үш күн бойы 1600 ракета атқан. Кейбір ракеталар Израиль астанасы Тель-Авивке дейін жеткен. Біраз ракетаны Израильдің әскери дрондары ұстап, залалсыздандырған. Ал Израиль 2 млндай адам тұратын Газа секторына әуеден 600 шабуыл жасаған.

Тель-Авив әуе шабуылы кезінде ХАМАС ұйымының командирін мен ресми өкілдерін өлтіргенін, ракета дайындайтын орындар мен қоймаларды қиратқанын мәлімдеді. ХАМАС тобы бас командирі мен "басқа да лидерлерінің" қаза тапқанын растады.

Израильдың әуе шабуылынан қираған Газадағы ғимарат. 13 мамыр 2021 жыл.
Израильдың әуе шабуылынан қираған Газадағы ғимарат. 13 мамыр 2021 жыл.

12 мамырдағы әуе шабуылынан Газадағы Аш-Шарук мұнарасы қираған. Бұл мұнарада ХАМАС-тың телеарнасы орналасқан еді.

Израиль басылымдары 12 мамырда түрлі ұлттар тұратын ауданда еврейлер арабтарға шабуылдағанын хабарлады. Израильдегі 9 млн халықтың 20 пайызын арабтар құрайды.

12 мамырда БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тағы бір шұғыл жиын өткізіп, біріккен мәлімдемені келісе алмады. Дипломатиялық дереккөздердің мәліметінше, кеңестің 14 мүшесі қақтығысты тоқтатуға шақыратын мәлімдемеге келіскенімен, АҚШ қолдамаған. Вашингтон бұл мәлімдеме жағдайды реттеуге көмектеседі деп санамайды.

Кеңестің Еуропадағы төрт мүшесі – Норвегия, Эстония, Франция және Ирландия біріккен мәлімдеме жасап, шабуылдарды айыптады.

"Израильдің Газа секторына жасаған әуе шабуылынан қарапайым түрғындар, балалар опат болды. Газа секторынан атқыланған ракеталардан израильдіктер де қаза тапты. Израильді қақтығысты тоқтатуға шақырамыз" деген мәлімдемеде.

ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Бұл жолғы қақтығыстың басталуына екі себеп түрткі болды.

Израиль полицейлері Рамазан айында палестиналықтарға ауызашардан соң Ескі қаладағы Дамаск қақпасына жиналуға тыйым салып, барьерлер қойды. Палестиналықтар бұл шешімге қарсы шығып, кейін Израиль тыйымды алып тастады.

Кейін "Израиль Шығыс Иерусалимде тұратын палестиналық отбасыларды басқа жерге көшіріп, олардың жеріне еврейлерді орналастырмақ" деген хабар тараған. Бұл хабардан соң палестиналықтар қарсылығы күшейді.

Мұсылмандардың үшінші қасиетті орны Әл-Ақса мешіті мен иудаизм үшін ең қасиетті орын Храм тауы орналасқан Шығыс Иерусалимнің статусы Израиль мен палестиналықтардың жанжалдарына себеп болып келеді.

Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.

BBC, AFP, AP, dpa, және Reuters ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG