Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 505 адам тіркелді. Сөйтіп, ресми дерек бойынша, былтырғы наурыздан бері бұл дертпен ауырғандар саны 353 140 адамға жетті. Бірақ көп сарапшы көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары деп болжайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, бейсенбіде Covid-тен 22 кісі көз жұмған, жалпы індет келгелі бері осы ауру салдарынан 4 039 адам қайтыс болды.
Бір тәулікте 2 704 адам бұл дерттен жазылды.
13 мамырда Қазақстанда "ковидтектес пневмонияға" шалдыққан және 130 адам тіркелді. Клиникалық белгілері коронавирус инфекциясына ұқсайтын, бірақ ПТР сынағы теріс нәтиже көрсеткен мұндай ауруларды министрлік былтырғы тамыздан бері бөлек санап келеді әрі ол Covid-пен ауырғандардың жалпы статистикасына қосылмайды. Ресми мәлімет бойынша, "ковидтектес пневмониямен" барлығы 54 014 адам ауырған, 852 адам қайтыс болған (бейсенбіде бір науқас көз жұмды).
15 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 39 316 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр, (оның ішінде "ковидтектес пневмония" да бар). Осы күні 14 033 науқас стационарда, қалғандары үйде ем алып жатыр. 798 адамның жағдайы ауыр, 185 пациенттің жағдайы өте ауыр, ал 107 науқас өкпе желдеткіш аппаратына қосылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, коронавирус екпесінің бірінші бөлігі 1,8 миллиондай адамға, ал екіншісі 743 мың адамға салынған. Қазақстанда негізінде Ресейде әзірленген (Қарағанды қаласында шығарылатын) "Спутник V" вакцинасы, отандық QazVac және қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген екпесі қолданылады.
ПІКІРЛЕР