Accessibility links

Әблязов "митинг орны" деп белгілеген жерлерге полиция көліктері қойылды, наразылық жиыны болған жоқ


Алматыдағы Орталық демалыс паркінің қақпасына жақын жерде тұрған полиция көліктері. 15 мамыр, 2021 жыл
Алматыдағы Орталық демалыс паркінің қақпасына жақын жерде тұрған полиция көліктері. 15 мамыр, 2021 жыл

Шетелде тұратын оппозиционер Мұхтар Әблязов бүгін митинг өтетін жер деп белгілеген Алматы мен Нұр-Сұлтандағы орындарға полиция күштері жиналды. Бірақ наразылық болған жоқ.

Алматыдағы Орталық демалыс паркінің кіреберісінде жақын жерде полицияның микроавтобустары мен арнайы техника тұр. Парктің өзі ашық, ішінде демалып жүрген кісі көп.

Нұр-Сұлтандағы теннис федерациясы ғимараты маңындағы Орталық паркте полицияның бірнеше көлігі байқалады. Интернет үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Парк ішіндегі демалушыларды тәртіп сақшылары бақылап жүр. Көшеде сауда-саттық та тоқтамаған.

Әблязов наразылық жиынына шақырған өткен демалыстарда Алматы мен астанадағы "митинг өтетін орындарда" қауіпсіздік күшейтіліп, мобильді интернет өшіп қалған. Базалар мен парктер "дезинфекцияға" жабылған. Ол жолы да митинг болмаған. Белсенділердің айтуынша, полиция алдын ала әрекет етіп, оларға шақырту беріп, жауап алуға шақырады, ал жиын болатын күні белсенділердің үйін торуылдап, сыртқа шығармай жүреді. 15 мамырдағы наразылық қарсаңында да белсенділер полицияға шақырту алғанын, бөлімшелерге барғанын хабарлаған.

Франциядан саяси баспана алған бұрынғы банкир, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері Мұхтар Әблязов қазақстандықтарды митингіге шығып, биліктен саяси тұтқындарды босатуды, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қарарын орындауды, бағаны арзандатуды және "екпені міндеттемеуді" талап етуге шақырған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қарар қабылдап, Нұр-Сұлтанды барлық саяси тұтқындарды босатуға, "репрессия мен қудалауды" тоқтатуға шақырған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қарар қабылданғалы үш ай өтсе де бұл ұсыныстар жүзеге аспады дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG