Accessibility links

ЮНИСЕФ артылған вакцинаны кедей елдерге беруге шақырды, Ұлыбританияда шектеулер азаяды


Ұлыбритания қалаларының бірі.
Ұлыбритания қалаларының бірі.

ЮНИСЕФ басшысы 17 мамырда "Үлкен жетілік" (G7) пен Еуроодақты кедей елдерге коронавирусқа қарсы вакцина беруге шақырды. Ұйымның атқарушы директоры Генриетт Фордың айтуынша, COVAX бағдарламасы аясында қайырымдылық жасау "қазір маңызды болып тұрған ең қажетті шара" деп мәлімдеді. COVAX – кедей елдерді вакцинамен қамтамасыз ету үшін құрылған ғаламдық бағдарлама.

Фордың сөзіне қарағанда, G7 және Еуроодақ елдері маусым, шілде және тамыз айларында өздерінде бар вакцинаның 20 пайызын бөліскен күннің өзінде 153 млн доза қайырымдылық жасай алады және бұл оларға өз халқын вакциналауға да бөгет жасамайды.

Фордың мәлімдемесі Ұлыбритания коронавирусқа байланысты енгізілген шектеу шараларын жұмсартуға дайындалып жатқан шақта жарияланды. 17 мамырдан бастап Ұлыбританияның басым бөлігінде тұрғындар, бар, пабтарға барып, мейрамхана ішінде тамақ іше алады. Кино көріп, 30-ға дейін жиналған шараларға қатыса алады.

Алайда премьер-министр Борис Джонсон Үндістанда алғаш пайда болған коронавирус түрінің таралып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, британдықтарды "өте сақ болуға" үндеді.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус те ауқатты елдерді балалар мен жасөспірімдерге вакцина салуды шегере тұрып, кедей елдердегі вакцина тапшылығы мәселесін шешуге қол ұшын беруге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG