Accessibility links

"Сатира – қылмыс емес". Журналистер ІІМ-ге ашық үндеу жариялады


Qaznews24 паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебек жеткізілген Алматыдағы полиция департаменті алдына жиналған белсенділер. 15 мамыр, 2021 жыл.
Qaznews24 паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебек жеткізілген Алматыдағы полиция департаменті алдына жиналған белсенділер. 15 мамыр, 2021 жыл.

Factcheck сайты сатиралық материалдар жариялағаны үшін істі болған Темірлан Еңсебектің тергелуіне байланысты ішкі істер министрлігіне ашық үндеу жариялады. Үндеуді ақпарат құралдары қолдай бастады.

Instagram-да сатиралық материал жариялайтын Qaznews24 паблигының жетекшісі Темірлан Еңсебектің пәтеріне екі күн бұрын полицейлер келіп, тінту жүргізіп, кеңсе техникасын алып кеткен еді. Еңсебектің өзін бірнеше сағат тергеп, босатқан. Қазір "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

"Сатира – қылмыс емес. Бүкіл әлемде сатира мен сын, оның ішінде мемлекеттің лауазымды тұлғаларына қатысты айтылса қалыпты нәрсе ретінде қабылданады және керісінше, қоғам дамығанының, пікір еркіндігі құқының сақталғанының белгісі" делінген үндеуде.

Үндеу авторлары Қазақстанның сөз бостандығын қамтамасыз ету жөнінде халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салады. Олардың сөзіне қарағанда, полиция санамалап көрсеткен сатиралық материалдарды Еңсебек жетекшілік еткен Instagram парақшасы қажет ескертулермен жариялаған. Кейбір аккаунттардың аталған материалдарды шынайы жаңалық сияқты таратуына Еңсебек кінәлі емес.

"Еңсебектің сатирасын шынайы жаңалық ретінде таратқан парақшалардың аудиториясы Еңсебектің парақшасындағы адам санынан он есе, тіпті кейбірі жүз есе асып кетеді. Бұл парақша әкімшілерінің қасақана әрекеті емес, медиасауаттың төмендігінен сатира контенттің шынайы жаңалық ретінде жаппай тарап кетуіне себеп болды" делінген үндеуде.

Үндеу авторлары адамдарды қудалаудың орнына медиасауаттылықты арттыру қажеттігін атап өткен. Олар полициядан Еңсебекті қудаламауды, "жалған ақпарат тарату" бабын репрессия мақсатында пайдаланбауды, Еңсебек ісінің ашық жүргізілуін, онда зұлым ой болмағанын дәлелдейтін куәліктің бәрін есепке алуды талап еткен.

Үндеуді алғашқылардың бірі болып Vlast сайты, Masa.media қолдап, сайттарында жариялады.

Qaznews24 паблигында қазір ештеңе жоқ. Бұрындары онда желіде көп пікірталас тудырған даулы посттар жарияланып тұратын. Бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған.

Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG