Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі құқық қорғаушыға бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді


Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021 жыл.
Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр, 2021 жыл.

Ақтөбе әкімдігі 18 мамыр күні бейбіт митинг өткізбек болған құқық қорғаушы Әлима Әбдіроваға рұқсат бермеді. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы Әбдірова хабарлады.

– Қазақстан - адам құқықтарын сақтамай, халықаралық міндеттемелерді бұзып отырған ел. Құқық қорғаушылар қуғын көріп жүрген елде өзге азаматтардың жағдайы қаншалықты мүшкіл екенін елестете беріңіз. Осыған орай 18 мамыр күні Ақтөбедегі қалалық мәдениет үйі (ескі филармония- ред.) жанына 300 адамды жинап, бейбіт митингі өткізбекші болғанмын. Қала әкімдігі Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 6 мамыр күнгі қаулысын желеу етіп, рұқсат бермеді. Бүгін бейбіт митинг өткізетінімді хабарлап, әкімдікке тағы да хабарлама апарамын, - дейді құқық қорғаушы Әлима Әбдірова.

Әбдірованың сөзінше, ол әріптесі Ольга Климонова екеуі биылдың өзінде қала әкімдігіне 23 рет хабарлама жолдап, бір рет қана жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат алған. Сол күні яғни, 11 мамырда Әлима Әбдірова облыс әкімдігінің алдына "Соттар мен Назарбаевқа санкция салуын талап етемін!" деген жазуы бар плакат көтеріп шықты. Ал Ольга Климонованың қолында "Қазақстанда балаларды азаптан қорғаудың салдары – өмірлік жаза" деген жазуы бар плакат болды.

Ақтөбе әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімі құқық қорғаушы Әлима Әбдіроваға бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілмегенін растап отыр.

"Қазақстанның 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31,37 баптарына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы №333-VI "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңының 14 бабының 1 тармағы 3 тармақшасына және Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының 1 қосымшасындағы №48 тармағына сәйкес Әлима Әбдіроваға 18 мамыр күні сағат 18:00 – 20:00 аралығында бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілмеді" делінген әкімдік хабарламасында.

Ақтөбелік құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова мұндай наразылық шаларын көптен бері өткізіп келеді. Былтыр 14 қыркүйекте олар Ақтөбедегі қала әкімдігі ғимаратының алдына барып, "құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайтын" билікке наразылық білдірген.

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі қабылдаған бейбіт жиын туралы заңның халықаралық стандартқа сәйкес еместігін атап өтеді. Бұл заң митинг өткізбей тұрып жергілікті билікке ескерту жасауға міндеттейді. Әкімдік ондаған себеппен митинг өткізу туралы өтінішті кері қайтара алады. Былтыр мамыр айында аталған заң қабылданған кезде билік өкілдері оны "демократиялық ірі қадам" деп мақтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG