Мемдуманың төрт комитеті Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі СССР мен Германияның рөлін теңестіруге тыйым салу туралы заң жобасына оң баға берді. Бұл туралы "Коммерсантъ" басылымы жазды. Депутаттардың айтуынша, түзетулер Конституцияның тарихи шындықты қорғау туралы бөлігін дамытып, халықаралық аренада "соғыс ақиқатын" тиімді қорғап қалуға мүмкіндік береді.
Заң жобасын 5 мамырда мәдениет жөніндегі комитет жетекшісі Елена Ямпольская, бірінші вице-спикер Александр Жуков пен сенатор Алексей Пушков енгізген. Жоба авторлары мінберлерде, БАҚ-та және интернетте совет басшылары мен әскери қызметкерлерінің "мақсат, шешімдері мен әрекеттерін" нацистердің пиғыл-әрекетімен теңестіруге тыйым салуды ұсынған. Заң совет халқының нацистік Германияны ойсырата жеңуде шешуші рөл атқарғанына күмән келтіруге тыйым салады. Құжат бойынша, Еуропа елдерін азат етудегі ССР одағының гуманитарлық миссиясының маңызын төмендетуге болмайды.
Елена Ямпольская заң жобасын әзірлеуге америкалық блогер Марк Мэнсонның екі кітабы түрткі болғанын айтады. Ондағы "Поляктарға соғыс оңай тиген жоқ: басында оларды нацистер, артынша совет солдаттары зорлап, өлтірді" деген үзінді намысына тиген.
"Агора", "Сетевые свободы" жобаларына атсалысқан Станислав Селезневтің пікірінше, Ресей билігі тарихи шындыққа монополия орнатып, 1930-40 жылдардағы даулы мәселелер бойынша кез келген қоғамдық пікірталасқа тыйым салған. Мысалы, НКВД әрекетін сынауға да қатаң тыйым бар. Ол КПСС-тің қызметіне қатысты архив құжаттары жартылай құпияланғанын және тарихи шындықты қорғау туралы жаңа түзетулер пікір-көзқарасы үшін қудаланатындар қарасын ұлғайтуы мүмкін деп қауіптенеді.
Сәуір айының басында президент Владимир Путин Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне көптің көзінше тіл тигізуге және оларды қорлауға тыйым салатын заңға қой қойды. Заң бұзғандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР