Accessibility links

"Бұл – Шыңжаң әдісімен қудалау". Ақтөбеде белсенді "ҚДТ-ны насихаттады" деп сотқа тартылып жатыр


Берік Ноғаев (оң жақта) Қытай зауыттарына қарсы митингіге шығып тұр. Ақтөбе, 2019 жылдың қыркүйегі.
Берік Ноғаев (оң жақта) Қытай зауыттарына қарсы митингіге шығып тұр. Ақтөбе, 2019 жылдың қыркүйегі.

Ақтөбе қаласының №2 соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталған белсенді Берік Ноғаевтың ісін қарап жатыр. 2021 жылғы 26 ақпаннан бері үй қамақта отырған Ноғаев 18 мамыр күнгі онлайн сотқа Қандыағаш қаласындағы үйінен қатысты.

Тергеу тарабы Ноғаев 2019 жылы 4 қыркүйекте Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы митингіде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын насихаттап, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірді деп санайды.

Нұр-Сұлтан соты шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент өз қаранында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған еді.

Белсенді Ноғаев өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның айтуынша, 2019 жылы 4 қыркүйекте ол әкімдік алдындағы алаңда ҚДТ-ны жақтап сөз сөйлемеген.

- Содан бір күн бұрын 3 қыркүйекте бірнеше белсенді облыс әкімдігі алдындағы алаңға барып, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсылық білдіргеніміз рас, - дейді ол.

Онлайн сотта айыпталушының адвокаты Жанболат Құлжанов тергеу ұсынған дәлелдерді заңсыз деп тануды сұрап, сотқа шағым түсірді. Судья Ербол Әбдіхалықов кеңесу бөлмесіне барып келіп, тергеу материалдарында видео айғақ бар болғандықтан адвокат Құлжановтың шағымы қанағаттандырмайтынын айтты.

- 405-баппен қозғалған істер Қазақстан бойынша ортақ шаблонмен қаралып жатыр. Мен мұны "Шыңжаң әдісі" деп атаймын. Шыңжаңда мұсылмандарды шаблонмен соттап, шетінен экстремист қылып шығарды емес пе? Қазір бізде де тап сондай жағдай. Мысалы, менің үстімнен қозғалған істе не фактілер, не даталар сәйкес келмейді, - дейді Ноғаев.

Қылмыстық кодексіндегі 405-бабымен айыпталып, үйқамаққа алынған тағы бір ақтөбелік Асқар Қаласов та өзіне тағылған айыппен келіспейді. Белсенді Қаласов та 27 наурыздан бері үй қамақта отыр. Қаласовтың ісі әлі сотқа жеткен жоқ.

-Мен адам өлтірген жоқпын. Автомат, пышақ ұстаған жоқпын. Сонда да билік мені экстремист қылып қойды. Ақтөбедегі әр митингіден соң полиция автозакқа тиеп әкетіп, ҚДТ мен оның лидері Мұхтар Әблязов туралы сұрайтын. Мені Әблязовпен таныстырған – полиция. Оған дейін мен Әблязов туралы ештеңе білмедім. Кейінгі кездері Қазақстанда қысым күшейіп барады. Сондықтан елдегі адам құқықтары мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назар аударуын, Еуродақтан құқық бұзып жатқан шенеуніктерге санкция салуын сұраймын, - дейді тергеу "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыптап отырған Асқар Қаласов.

Ақтөбелік белсенділер Берік Ноғаев пен Асқар Қаласов осыған дейін әділ сайлау, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен көптеген бейбіт акцияларға қатысқан. Бейбіт митингілерге қатысқаны үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылған.

Франциядан саяси баспана алған Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған сот шешімінің "саяси астары бар" деп санайды.

Қазақстанда ҚДТ қозғалысына қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда ҚДТ-ға қатысы бар деп 300-ге тарта адамның жауапқа тартылғанын айтады.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" ҚДТ жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG