Accessibility links

Сахаров орнына Назарбаев. Мәскеуде тыйым салынған көрмені Қазақстан туралы экспозициямен алмастырды


Құқық қорғаушы Андрей Сахаровтың суреті. 20 қазан 2009 жыл.
Құқық қорғаушы Андрей Сахаровтың суреті. 20 қазан 2009 жыл.

17 мамырда Мәскеу билігі ресейлік құқық қорғаушы, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаровтың 100-жылдығына арналған көрме өткізу туралы өтінішті мақұлдаудан бас тартты.

Мәскеудегі Сахаров атындағы орталық "Андрей Дмитриевич Сахаров: алаң мен үміт" (Андрей Дмитриевич Сахаров: тревога и надежда) атты көрме ұйымдастырмақ болған. Орталық мамандары оны 17 мамырда көшеде өткізуді жоспарлаған еді.

Көрмеде совет және ресейлік фотографтардың Сахаров жайлы суреттері таныстырылмақ болған, сонымен бірге оның мемуарлары, мақалалары мен сөйлеген сөзінен үзінді келтірілуі тиіс болған.

18 мамырда "Дождь" телеарнасы Сахаровқа арналған көрме орнында "Қазақстан – Еуразия жүрегі" атты көрме пайда болғанын хабарлады.

Сурет көрмесі Қазақстан тарихы мен елдегі туризмнің дамуына арналған. Онда "елбасы" Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жеке стенд те бар, "Қазақстан мен Ресей – уақытпен сыналған достық" деп аталатын стенд те ашылған.

Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі фотокөрме жайлы жазды. Бірақ онда Сахаров жайлы айтылмаған. Дипломатиялық ведомство хабарламасында Чистопрудный бульварындағы көрменің "Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жеңіс күніне" арналғаны жазылған. Онда сонымен бірге көрмені Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне қарасты Азия және Африка елдері институты студенттерінің көріп шыққаны жазылған. Фотокөрме 23 мамырға дейін созылады.

Сахаровтың 100-жылдығына арналған Азаттық фестивалі өтеді. Ол барлық саяси тұтқындарға арналады.

Физик, академик, сутегі бомбасын шығаруға атсалысқан ғалымдардың бірі Андрей Сахаров 1921 жылы 21 мамырда Мәскеуде туған. 1975 жылы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған. 1979 жылы желтоқсанда және 1980 жылы қаңтар айында совет әскерін Ауғанстанға кіргізуге қарсы болып, мәлімдеме жасаған. Бұдан соң оны отбасымен бірге Горькийге (қазіргі Нижний Новгород) жер аударып жіберген.

1986 жылы Михаил Горбачевтің көмегімен Мәскеуге оралған ғалым үш жылдан соң пәтерінде қайтыс болды.

Биыл Ресей билігі Мәскеудегі "Сахаров орталығын" "шетел агенті" тізіміне енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG