Accessibility links

Ливан Израильді тағы атқылады, Тель-Авив артиллериямен оқ жаудырды


Сәрсенбі күні Ливан жағынан төрт зымыран Израильге қарай ұшырылды. Соңғы бір апта ішінде осымен үшінші рет шабуыл жасалып отыр.

Ливан армиясындағы құпия ақпарат көзі France-Press агенттігіне зымырандардың Сур ауданынан жөнелтілгенін хабарлаған. Алайда оған кім жауапты екенін айтпаған.

Бұған жауап ретінде Израиль Ливанды артиллериямен атқылады. Израиль әскерінің ақпаратынша, әуе қорғаныс жүйесі бір зымыранды атып түсіріп үлгерген. Қалған үшеуі елді мекендерден жырақ жерге құлаған. Шабуылдан зардап шеккендер бары-жоғы белгісіз.

Израиль мен Газа секторын бақылауда ұстайтын палестиналық ХАМАС радикалды топ арасында қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. 10 мамырдан бері тараптар бір-біріне ауыр соққы жасап, 200-ден астам адам қаза болды. Басым бөлігі – палестиналықтар.

Мұсылмандардың басты діни мерекесі – Ораза айт қарсаңында Израиль арабтарды үйлерінен көшіріп, мұсылмандардың қасиетті орны әл-Ақса мешітінде шектеуді күшейткен, мұның соңы Шығыс Иерусалимдегі қақтығысқа ұласты.

Артынша Газа аймағында билік жүргізетін ХАМАС қозғалысы әл-Ақса мешіті маңында палестиналықтарға күш көрсету әрекетіне жауап ретінде Израильге зымыран ата бастады. Осыдан соң аймақта жағдай ушықты.

Израиль басшылығы әскерилердің Газа секторындағы содырлар нысандарына шабуыл жасап жатқанын және Израиль азаматтарының қауіпсіздігіне сенімді болмай операцияларды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Израиль одақтасы АҚШ бұл елдің өзін-өзі қорғауға құқығы бар екенін айтып, бірақ аймақта қақтығыстың тоқтағанын қолдайтынын жеткізген.

Сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлескен президент Джо Байден қақтығыс жақын арада едәуір бәсеңдейді деп үміттенетінін жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG