Қарағанды қаласында белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот процесі соңына жетіп қалды. 20 мамырда өткен отырыста белсендіні өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған бұрынғы полицей жауап беріп, қылмысқа қатысы жоғын айтты. Экс-полицей мен тағы екі айыпталушы тергеу кезінде қысым болды дейді.
Белсенді Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылы мамырда Атасу елдімекенінде өз үйінің табалдырылығында атып кеткен.
Сотта айыпталушы Ғалым А. Бақтыбаев өзінің үстінен полицияның жеке қауіпсіздік басқармасына шағым жазғанын мойындады. Ол кейін танысы арқылы Бақтыбаевтан енді арыз жазбауды "сұраған". Айыпталушы бірақ оны ұру я өлтіру ойы болмағанын айтады.
— Бақтыбаевпен жанжал болған жоқ. Ол қарапайым адам еді. Жұрт оның қарапайымдылығын пайдаланды. Бақтыбаевқа бірдеңе істеуге я өлтіруге менде еш себеп болмады. 2019 жылы 20 тамызда мені ұстағанда қатты қорқып қалдым. Тергеу Иман М. (тергеу Иман М. тапсырысты орындаған килер деп санайды – ред.) екеумізді беттестірді. Ол мен қару берді және менен қорқамын деп жала жапқан. Беттескенде маған қатысты айтқандарын жоққа шығардым. Тергеушіден "неге менен күдіктенесіздер?" деп сұрадым. Бірнеше адам мені көрсетті деді. Мені Бақтыбаевты өлтіруге тапсырыс берген деп айтқанға ұқсайды. Мен бәрін жоққа шығардым, - деді Ғалым А. 19 мамырдағы сотта.
Айыпталушы сотта тергеу ұсынған "сценаримен" келісуге мәжбүр болғанын айтты. Экс-полицей сотта тағы бір айыпталушы Азаматқа (Бақтыбаевты ұрып, өлтірді деп айыпталғандардың бірі – ред.) "бәрін жабуға тырысқанын" мойындады.
Сот кезінде Бақтыбаев қаза тапқан кезде Ғалым А. полицияда жұмыс істегені және оқиға орнына келгені белгілі болды.
Бұл іс бойынша сот 2020 жылы мамырда басталған. Төрт адам күдікке ілінген. Тергеудің мәліметінше, Бақтыбаевты атқан адам оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция тапсырысты бұрын сотталған Иман М. орындағанын айтады. Тергеушілердің сөзінше, қылмысты ұйымдастырушылар оған қару беріп, кісі өлтіргені үшін бір миллион теңге төлеуге уәде еткен.
Бұған қоса оған ауыл тұрғандарының терезесіне оқ атып, "бұзақылық жасады", "өлтірерден бұрын Бақтыбаевты соққыға жықты", "қаруды заңсыз сақтап, пайдаланды" және "Ақмола облысының тағы бір тұрғынын өлтіруге әрекеттенді" деген айыптар тағылған.
Ал Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері Ғалым А. мен кәсіпкер Азамат Б. тапсырыс берді, ал бұрын сотталған Елдар Ж. 2019 жылы ақпанда Бақтыбаевты ұрды деп айыпталған.
59 жастағы Ғалы Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен танымал болған. 2019 жылы тамызда ІІМ белсенді өлімін күдіктілер ұсталғанын хабарлаған. Тергеу ол "тапсырыспен өлтірілді" деген. Айыпталушылардың көбі тергеу дұрыс жүрмеді деп санайды.
ПІКІРЛЕР