Accessibility links

Ресейде Навальныйды қолдау акциясына қатысқан азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды


Евгений Есенов сотта. Мәскеу, қаңтар 2021 жыл.
Евгений Есенов сотта. Мәскеу, қаңтар 2021 жыл.

Мәскеу соты биыл 23 қаңтарда Пушкин алаңында қарсылық акциясына қатысқан Евгений Есеновті төрт жылға бас бостандығынан айырды. Ол "билік өкілінің денсаулығына қауіп төндіріп, күш қолданды" деп айыпталды. Сот үкімі жайлы "МБХ Медиа" сайты хабарлады.

Қаңтар мен ақпан айларында Алексей Навальныйды қолдау акциясына қатысып, соған қатысты айыпталғандарға шығарылған үкімдердің ішіндегі әзірге ең қатаңы осы.

Тергеу органдарының айтуынша, Есенов "қызметтік міндетін атқарған полиция қызметкерінің басын бірнеше рет ұрған".

Прокуратура оны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал судья Алексей Криворучко Есеновті төрт жыл түрме жазасына кесті. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.

Евгений Есенов белсенділер арасында "сарай ісі" (Навальныйдың "Путин сарайы" жайлы зерттеуінен тұтанған наразылық) деп аталып кеткен қылмыстық іс бойынша ұсталған алғашқы адамдардың бірі. Жалпы ел аумағында осы наразылыққа байланысты ондаған іс қозғалған. Ұсталғандарға "полицияға күш қолдану", "санитарлық норманы бұзу", "кәмелет жасқа толмағандарды қылмысқа итермелеу" баптары бойынша айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG