Accessibility links

Қарағандыда жемқорлық бойынша айыпталған судьяның соты басталды


Қарағандыда ауданаралық экономикалық соттың судьясы 52 жастағы Ержан Ғабдуллиннің үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі басталды. Ол "ірі көлемде алаяқтық жасады" және "ірі көлемде пара беруге итермелеп, арандатты" деп айыпталып отыр.

Бұл іс бойынша "Оливия" ірі құрылыс компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкинаға да айып тағылған. Ол "пара беруге оқталғаны үшін" сотқа тартылып отыр. Екеуі де Қарағандыдағы тергеу изоляторында қамауда.

21 мамырда прокурорлар айыптау актісін оқыды. Айыптау тарабының айтуынша, судья Ғабдуллин 8 млн теңге сыйақы үшін "Оливия" ірі құрылыс компанияның пайдасына қарай сот шешімінің қабылдануына ықпал етуге тырысқан.

Аталған компания 2020 жылы Қарағандыда тұрғын үй салу бойынша мемлекеттік сатып алу байқауының әділетсіз өткенін мәлімдеп, жергілікті билікті сотқа берген. Компания атынан сенімхат негізінде әрекет еткен заңгер Елена Кантер-Скрипник байқау нәтижесін заңсыз деп танытуға күш салған.

Артынша судья Ғабдуллин "Оливия" ЖШС шағымы негізінде биліктің үстінен азаматтық іс қозғаған. Сол күні дәл осы компанияның шағымы негізінде судья Майпасов тағы бір іс қозғаған. Кейін екі іс бір өндіріске біріктірілген.

– Судья Ғабдуллин жауапты мемлекеттік қызмет атқара отырып, қызметтік өкілетін пайдаланып, ауыр қылмыс жасады. Заңгер Кантер өзі жақсы білетін судья Ғабдуллинге қайырылып, "Оливия" ЖШС-інің пайдасына қарай сот шешімін шығаруға ықпал етуді өтінген. Апелляциялық инстанция кезінде де судья Ғабдуллиннің қолдауына үміт артқан. 2020 жылы желтоқсан айында судья Ғабдуллин 8 млн теңге ақшалай сыйақы берсе, өтінішті орындайтынын айтқан. Олар ақша сот шешімі шыққаннан кейін табысталады деп келіскен. Телефон әңгімесі мен жазбаларында олар ақша сөзін "анализ" сөзімен ауыстырып отырған, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Алғашқы инстанцияда компанияның шағымы жартылай қанағаттандырылған, тұрғын үй салу бойынша жасалған келісімдер жарамсыз деп танылған. Кейін апелляция болып, жауапкер жағы шешімді сотқа берген.

Сот процесі онлайн өтіп жатыр. Жұма күні интернет байланысы нашар болғандықтан тергеу изоляторындағы айыпталушылардың сөзі дұрыс естілмеді.

Сотта Ғабдуллин тағылған айыптарды мойындамайтынын және айыптау жағы белгілеген квалификациямен келіспейтінін жеткізді. Ал екінші айыпталушы айыпты мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Келесі сот отырысы 25 мамырда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG