Канаданың Онтарио провинциясының соты Иран билігін 2020 жылы қаңтарда Тегеранда апатқа ұшыраған "Украина халықаралық әуе жолдары" ұшағының жолаушыларының отбасыларына өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл апаттан борттағы 176 адамның бәрі қаза болған.
Канадалық сот адвокаттардың ұсынған құжаттарын саралай келе ұшақ апатын "терроризм әрекет" деп таныды.
Иран өкілдері сотқа қатыспаған. "Канада мен Иран арасында ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Сондықтан өтемақы төлеу қиын әрі ұзаққа созылады" дейді Reuters агенттігі.
Өтемақы көлемі әзірге белгісіз, ол алдағы отырыста белгілі болмақ. Шағым түсіргенде 1 млрд 200 млн доллар жайлы айтылған.
Жолаушылар ұшағына 2020 жылы қаңтарда Тегеран әуежайынан Киевке ұшып шыққан кезде Ислам революциясы сақшылары корпусының ракетасы тиген. Апаттан ұшақтағы 176 адамның бәрі қаза болған. Марқұмдардың 138-і – Канада азаматы.
Иран билігі снаряд байқаусызда атылғанын айтқан. Ұшақ апаты Иран мен АҚШ арасындағы жанжал үдеп тұрған тұста болған.
Әдетте Канада басқа мемлекетті сотқа тартпайтын, бірақ 2012 жылы Канада "терроризмді қолдап отырған елдерді" сотқа тартуы туралы заң қабылдаған. Канада Иранды "терроризмді қолдап отырған" елдердің тізіміне қосқан.
Канада сотына түскен шағымда Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи, Ислам революциясы сақшылары жетекшілерінің аты аталады.
Апаттан кейін Иран билігі өтемақы төлеуге дайын екенін айтқан, бірақ Тегеран "бұған уақыт керек" деген.
ПІКІРЛЕР