Accessibility links

Беларусь қауіпсіздік күштері "Белсат" телеарнасының студиясына рейд жүргізіп, алты адамды ұстады


"Белсат" телеарнасының логотипі бар микрофон.
"Белсат" телеарнасының логотипі бар микрофон.

Беларусь қауіпсіздік күштері Александр Лукашенко мен оның айналасындағылар туралы зерттеу материалдар жариялаған польшалық "Белсат" телеарнасының Минкідегі студиясына рейд жүргізді.

Телеарнаның хабарлауынша, форма киген адамдар 21 мамырда ток-шоу түсіретін студияға кіріп келіп, алты адамды, соның ішінде төрт операторды ұстап алып кеткен.

Құқық қорғаушылар ток-шоу жүргізушісі Глеб Лободенконы ұстамаған.

Рейд болған кезде студияда жаңа хабарды жазуға дайындық жүріп жатқан, адамдарды ұстау сәті видеоға түсірілмеген.

Беларусь құқық қорғау органдары адамдардың ұсталуына қатысты ешқандай комментарий берген жоқ.

Сәуірде телеарна елдің авторитар басшысы Александр Лукашенконың келіні мен басқа да жақындарының бизнесі туралы зерттеу материал жариялаған.

Былтыр қарашада Минскіде болған үкіметке қарсы наразылық шеруінен тікелей хабар таратқан арнаның екі журналисі жақында екі жылға түрме жазасына кесілді. Олардың адвокаттары мұны "ақылға сыймайтын іс" деп атады.

"Белсаттың" хабарлауынша, 21 мамырда Минскіде телеарнаның екі фрилансер журналисін полиция ұстап, бөлімшеге апарған. 24 мамырда олардың ісіне қатысты сот болмақ. Бірақ істің мән-жайы бойынша басқа нақты мәлімет жоқ.

Беларусь тілінде хабар тарататын "Белсат" телеарнасы – Польшаның Telewizja Polska қоғамдық телеарнасының еншілес кәсіпорны. Бұдан бұрын да Беларусь агенттері оның тілшілеріне қысым жасап келген. Польшамен қоса бұл телеарнаны Еуропаның бірнеше елі мен қорлар қаржыландырады, оның Украинада, Ресейде, Литвада және Еуропаның басқа мемлекеттерінде тілшілері бар.

Былтыр тамызда өткен нәтижесі даулы президент сайлауынан бері Беларусьте халық наразылығы жүріп жатыр. Лукашенконың алтыншы рет жеңіске жеткеніне қарсылық білдірген ондаған мың адам айлар бойы шеру өткізіп келеді. Кей шерулер кезінде наразылар мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс болды. Полиция мыңдаған адамды қамауға алды, олардың арасында оқиғадан хабар таратып жүрген журналистер де көп. Биліктің оппоненттеріне қарсылық күшейіп, саясаткерлер шетелге кетуге мәжбүр болған.

Беларусь билігі тәуелсіз медиаға да қысымды күшейтіп, бірнеше халықаралық ақпарат құралы тілшісінің аккредитациясын қайтарып алды.

Апта басында полиция елдегі ең ірі тәуелсіз онлайн ақпарат құралы Tut.by-ға қарсы тергеу бастап, оның бірнеше редакторының үйін тінтті, вебсайттың өзін бұғаттап тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG