Accessibility links

Беларусь билігі Минск әуежайына төтенше жағдайда қонған ұшақтан оппозициялық журналисті ұстады


Роман Протасевич
Роман Протасевич

Минскіде полиция оппозициялық журналист әрі блогер Роман Протасевичті ұстады. Афины–Вильнюс бағытында ұшып бара жатқан RyanАir әуе компаниясының ұшағы Минск әуежайына төтенше жағдайда қонған соң полиция оның бортындағы жолаушы Протасевичті ұстап әкеткен. Бұл жөнінде Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Ұшқыштар ұшақ бағытын не себепті бұрғаны анық емес. Александр Лукашенко баспасөз қызметінің жаңалықтарын жариялайтын "Пул Первого" телеграм-арнасының хабарлауынша, ұшақ бортында бомба болуы мүмкін деген ақпар жеткен соң оны Минскіге қондыруға Лукашенконың өзі пәрмен берген. Оның тапсырмасы бойынша, жолаушы ұшағын ертіп жүру үшін МиГ-29 жойғыш ұшағы жіберілген.

"Скриншотқа қарасақ, ұшақ [Беларусь пен Литва] шекарасының үстіне жетіп қалса да, олар Минскіге хабарласып, ұшақты қабылдауды сұраған. Осы кезде жағдай туралы президентке хабарланды. Лукашенко бірден ұшақты кері қайырып, қабылдау туралы бұйрық берді" деп хабарлайды "Пул Первого".

Ryanair әуе компаниясының Афины- Вильнюс рейсінің бұрылған сәті. flightradar сайты, 23 мамыр, 2021
Ryanair әуе компаниясының Афины- Вильнюс рейсінің бұрылған сәті. flightradar сайты, 23 мамыр, 2021

Flihtradar24 сайтындағы осы рейс туралы мәліметке сенсек, ұшақ Литвамен шекараға жетіп қалғанда Минскіге кері бұрылған. Азаттықтың Беларусь қызметінің жазуынша, экипаж бағыттың өзгергенін жолаушыларға хабарламаған.

Беларусь басшылығы ұшақты қондыруды Протасевичті қамаумен байланыстырмайды. Ал RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньянның айтуынша, бұл – Беларусь арнайы қызметінің жүргізген операциясы.

Афиныдан ұшып шығар алдында Протасевич әуежайда өзін әлдебіреу бақылап жүргенін, паспорты мен басқа да құжаттарын суретке түсірмек болғанын ескерткен.

Әуекомпания болған оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Басқа тәуелсіз ақпарат көздері ұшақ бортында бомба болды деген жаңалықты растаған жоқ. Беларусь билігі Минск әуежайында тексеру кезінде ұшақтан бомба табылмағанын хабарлады.

Беларусь оппозициясының шетелде тұратын басшысы Светлана Тихановская журналисті босатуды талап етті және Халықаралық әуе транспорты қауымдастығын болған жайтты тергеуге шақырды. "Бүгіннен бастап Беларусьтің үстінен ұшып бара жатқан бірде-бір адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Халықаралық реакция қажет" деп жазды ол.

  • Роман Протасевич соңғы кездері "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасын жүргізіп келген. Ол – Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны "террористер тізіміне" қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.
  • Кейбір ақпарат құралдары Протасевич өлім жазасына кесілуі мүмкін деп жазды. Бірақ қазіргі тағылған айыптарға қарағанда, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG