Грузияда Риони өзенінде ГЭС салуға қарсылар 200 күннен бері наразылық өткізіп жатыр. Жексенбі күні жаппай наразылық Тбилисиге ауысты. Олардың талабы – ГЭС салатын ENKA Riniubels түрік-норвегиялық компаниясымен жасалған келісімді бұзу және компанияны Риони шатқалынан кетіру. Наразылар сонымен бірге экономика мен тұрақты даму министрі Натела Турнаваның отставкасын да талап етіп жатыр.
Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, жаппай наразылық акциясы өтіп жатқан шақта грузин үкіметі 24 сәуірде Намахвани ГЭС-ін салуға бір жылға мораторий жариялаған. Осы уақыт аралығында бөгет құрылысын экологтар, геологтар мен сейсмологтар қайта қарап шығып, тұжырымдайды. Бірақ мораторийдің Риони шатқалындағы өзге құрылыс жұмыстарына қатысы жоқ.
Имеретия тұрғындары, дін қызметкерлері мен экологтар 200 күннен бері қуаты 433 МВт болады делінген Намахван ГЭС-ін салуға қарсылық білдіріп келеді. Жобаның маңыздылығына қарамастан "Риони шатқалын құтқару" қозғалысының танымалдығы артып барады. Наразылар бөгет жарылса, бүкіл аймақты су басады деп қауіптенеді. Олар сонымен бірге ГЭС салатын түрік компаниясына 99 жылға жер берілетініне наразы.
ПІКІРЛЕР