Жексенбі күні төтенше жағдайда Минскіге қонған Ryanair компаниясының ұшағы Вильнюске жетті. Бұл туралы журналистерге Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис хабарлады. Ұшақ бортында 12 елден шамамен 170 жолаушы болған.
Литва президенті Гитанас Науседа Беларусь билігінен осы ұшақтан ұстап әкетілген оппозициялық белсенді Роман Протасевичті босатуды талап етті.
"НАТО мен Еуроодақты беларусь режимінің халықаралық азаматтық авиацияға төндіріп отырған қоқан-лоқысына дереу реакция танытуға шақырамын. Халықаралық қауымдастық мұндай нәрсе қайталанбас үшін шұғыл шара қолдануы тиіс" деді Науседа.
BBC сайты Протасевичпен бірге оның қызы 23 жастағы София Сапеганың да ұсталғанын жазды. Ол Вильнюсте магистратурада оқиды.
"Интерфакс" агенттігі Еуропа комиссиясының жетекшісі Урсула фон дер Ляйеннің мәлімдемесінен үзінді келтіреді. "Барлық жолаушыларға Вильнюске жетуіне жағдай жасалуы тиіс. Олардың қауіпсіздіктеріне кепілдік берілуі тиіс" деді ол.
Еурокомиссиясының жетекшісі халықаралық кез келген авиатасымалдау ережесін бұзу жазасыз қалмайды деп ескертті. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Twitter-де барлық жолаушылардың қауіпсіздігіне Беларусь билігі жауап береді деп жазды.
Ryanair компаниясының ұшағына "қауіп төнгені жайлы" ақпаратты лайнер экипажына бірінші болып беларусь диспетчерлері хабарлаған. Дәл солар экипажды Минск әуежайына қондыруды ұсынған. "Новая газета" басылымына берген сұхбатында Ryanair өкілі мұны растаған.
"Ұшақ ойдағыдай қонды, жолаушылар түсірілді, жергілікті қызмет ұшақты тексеріп шықты. Ештеңе табылған жоқ, шамамен екі сағаттан соң билік [Вильнюске] ұшып кетуге рұқсат берді" делінген компания хабарламасында.
Ryanair компаниясының айтуынша, Минск әуежайында ұшақ шамамен бес сағат тұрған.
"Неміс толқыны" сайты әлеуметтік желі қолданушыларының Ryanair компаниясын сынап, "диктатор Лукашенкоға жәрдемдескені үшін" кінәлағанын жазды. Кейбір қолданушылар оқиғаға байланысы халықаралық зерттеуді талап еткен.
Ирландиялық Ryanair авиатасымалдаушы компания – Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе компанияларының бірі.
Беларусь басшылығы ұшақты қондыруды Протасевичті қамаумен байланыстырмайды. Ал RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньянның айтуынша, бұл – Беларусь арнайы қызметінің жүргізген операциясы.
Афиныдан ұшып шығар алдында Протасевич әуежайда өзін әлдебіреу бақылап жүргенін, паспорты мен басқа да құжаттарын суретке түсірмек болғанын ескерткен.
- Роман Протасевич соңғы кездері "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасын жүргізіп келген. Ол – Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны "террористер тізіміне" қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.
- Кейбір ақпарат құралдары Протасевич өлім жазасына кесілуі мүмкін деп жазды. Бірақ қазіргі тағылған айыптарға қарағанда, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін
ПІКІРЛЕР