Accessibility links

Қазақстанда кейінгі алты жылда 2,2 мың адам негізсіз ұсталған, тергеу органдарына шағым көбейген


Қазақстан бас прокуратурасы.
Қазақстан бас прокуратурасы.

Қазақстанда соңғы алты жылда 2,2 мыңға жуық адам заңсыз ұсталған. Бұл туралы бас прокуратура әзірлеген "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" тұжырымдамада айтылған.

"Статистикалық мәлімет бойынша, 2015 жылдан бастап алты жыл ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде 2 мың (2197) азамат негізсіз ұсталған. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу үш есеге жуық (209-дан 598-ге дейін) өсті" делінген жобада.

Құжатта сонымен бірге тергеу органдарының жұмысына шағым көбейгені жазылған. 2015 жылы 2702 шағым түссе, былтыр бұл көрсеткіш 6800-ге жуықтаған.

"Прокурорлар тергеу мерзімін қысқарту және істерді тоқтату туралы 100 мыңнан астам (129 635) шешімнің күшін жойды, қосымша тергеуге 7 мыңға жуық (6792) іс қайтарылды, соттар 3 мыңнан астам (3497) істі қайтарды. Прокурорлар қанағаттандырған шағымдар 46% пайызға (2015 жылы – 10905, 2020 жылы – 15911), сот қанағаттандырған шағымдар үш есеге (2015 жылы - 383, 2020 жылы - 1076) артты" делінген хабарламада.

Қазақстанда құқық қорғау орган өкілдерінің жұмысына қатысты сын жиі айтылады. Тергеуге әкетіліп, жұмбақ жағдайда қайтыс болған жағдайлар да сирек емес. Былтыр 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында билікке сын айтып жүрген белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмды. Белсенділер мен құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін оның өлімін әділ зерттеуге шақырғанмен белсендінің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.

Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы туралы қарарында елде адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны айтылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG