Accessibility links

Бас прокуратура Құлыбаевтың FT мақаласындағы ақпаратты тексеру туралы өтінішіне жауап берді


Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев.

Былтыр жыл соңында Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев бас прокуратурадан Financial Times газетінде жарияланған мақаладағы ақпаратты тексеруді сұрап, өтініш түсірген еді. Оның алдында британдық басылым Тимур Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған болатын.

Бас прокуратура Азаттыққа жіберген жауабында "тексеру нәтижесінде [заң]бұзушылықтар анықталған жоқ" деп жазды.

Ресми орган Құлыбаев өтінішінен кейін энергетика министрлігіне сол мақалада баяндалған фактілерді тексеру тапсырылғанын жазған.

"Прокуратура туралы" Қазақстан заңының 7-бабы тәртібінде мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Энергетика министрлігіне осы жарияланымда баяндалған фактілерді тексеру тапсырылды. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ. 23.02.2021 жылы өтініш иесіне жауап берілді" делінген ресми жауапта. Оған қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Р. Смағұлов қол қойған.

Азаттық бас прокуратурадан қандай жолмен тексерілгенін, тексеруден соң қандай да бір шара қолданыла ма, жоқ па, сол жайлы да сұраған. Бірақ оған жауап берілмеген.

2020 жылы 3 желтоқсанда Financial Times-да жарық көрген мақалада авторлар басылым қолына түскен құжаттарға сүйенген. Зерттеу авторлары Қазақстанның экс-президентінің күйеу баласы Құлыбаев ресейлік кәсіпкер Александр Кармановқа тиесілі ЕТК компаниясының Қазақстаннан өтетін газ құбырынан көрген пайдасынан үлкен үлес алған деп қорытынды жасаған.

Мамыр айының басында АҚШ өкілдер палатасына Миссисипи штатынан сайланған конгрессмен Бенни Томпсон конгресте Қазақстандағы клептократия жайына тоқталып, осы мақалада айтылған жайттарға алаңдаушылық білдірген еді.

"Том Берджес жариялаған мақаладағы жайттарға алаңдаймыз. Мақалада жарияланған құжаттар Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың схема жасап, Орта Азия мен Қытайды жалғайтын газ құбырымен байланысты келісімнен ондаған миллион доллар пайда көретініне нұсқайды" делінген Томпсон мәлімдемесінде.

"Қазақстан АҚШ-тың стратегиялық әріптесі болуға ұмтылып отырғандықтан барлық әріптестерімді менімен бірігіп, Байден әкімшілігін бұл жағдайды клептократия және Қазақстан шенеуніктерінің жемқорлығы ретінде қарастырып, үкімет талқысына қосуға шақырамын" деді Томпсон. Оның сөзі конгресс сайтында жарияланды.

Қазақстанның бұрынғы президентінің екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаев - Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі. Forbes журналы екеуінің ортақ байлығын 5,6 миллиард доллар деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG