Accessibility links

Түркістанға Назарбаев ескерткішін қоюды ұсынды


Алматыдағы Тұңғыш президент паркіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін ашу салтанаты. 11 қараша, 2011 жыл.
Алматыдағы Тұңғыш президент паркіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін ашу салтанаты. 11 қараша, 2011 жыл.

Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістанда ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылды. Мемлекеттік басылымдардың жазуынша, мұны 24 мамырда ТҮРКСОЙ компаниясы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи ұсынған.

"Түркістан – түрік әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастықтың болашағы" атты онлайн-конференция кезінде ол Назарбаевтың түркі халықтарының бірлігін арттыруға қосқан үлесін атап өтіп, Түркістанда оған ескерткіш қоюға болатынын айтқан.

"Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осы қаланың жаңғыруына ықпал еткен, сонымен бірге түркі халықтарының инеграциясына өлшеусіз үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынамын. Бұған негіз де көп. Мұндай идея түркі әлеміндегі дана ақсақалға деген ерекше құрметтен туындады, ол мемлекет басшысы бола отырып, түркі халықтарының бірлігін қолдады, қазақ халқын гүлдендіруге ұмтылып, тәуелсіздігін сақтап қалуға күш салды" деді Билал Чакыджи.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, конференцияға қатысушылар "шетел ғалымының ұсынысын қолдаған".

Қазақстанда халықаралық әуежай, университет, мектептер, спорт мекемелері Назарбаевтың атымен аталады. Бұған қоса, оның атында көшелер де бар. Бірнеше қалада бірінші президент саябағы, астанада бірінші президент кітапханасы, бірінші президент мұражайы мен Назарбаев орталығы бар. 2019 жылы елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін мемлекет астанасына оның аты берілді.

Бұған қарсы азаматтар елде Назарбаевтың жеке басына табыну қалыптасқанын, бұрынғы президент отставкаға кеткенімен, кең құзыреті мен мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалғанын айтады.

Бұрын Назарбаев қоғам алдында еңбегінің елеп-ескерілгенін ұнататынын бірнеше рет айтқан. Осыған дейін өткен бір отырыста мінберден сөйлегендер бұрынғы президентті мадақтап жатқанда ол "30 жыл бекер тер төкпей, бірнәрсе істеген екенмін деп ойлаймын. Адамбыз ғой, бәрібір жағымды [естіледі]" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG