Түрмедегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өзіне тағы үш қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 25 мамырда Инстаграмда жариялаған жазбасында саясаткер жаңа істер жайлы бір күн бұрын келген тергеушіден білгенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бірінші іс бойынша ол "Жемқорлықпен күрес қорына түскен ақшаны ұрлады" деп айыпталып отыр. Екінші іс бойынша "жұртты азаматтық міндеттерін орындамауға үндеді" деген күдікке ілінген. Ал үшінші іс бойынша Кремль сыншысы судьяға тіл тигізді деп айыпталып отыр. "Сондықтан мені мұнда камерада құр шәй ішіп, қол қусырып отыр деп ойламаңыздар" деді саясаткер әзілмен.
"Менің пәрменді қылмыстық синдикатым ұлғайып барады. Барған сайын жасаған қылмыстарым көбейіп жатыр. Тергеушілердің ісі – қанішерлер, ұрылар мен адам ұрлаушылар емес, мен болдым" деп жазды.
Былтыр тамызда "Новичок" тобына жататын қауіпті затпен уланған 44 жастағы саясаткер Германияда бірнеше ай емделіп, биыл қаңтар айында еліне қайтқан. Мәскеуге орала полциция оны әуежайдан ұстап әкетті. Ақпан айында Мәскеу соты сегіз жыл бұрынғы "Ив Роше" ісі бойынша Навальныйды 3,5 жылға түрмеде жіберді. Қамауда оның денсаулығы күрт нашарлады. Саясаткер қарсылық ретінде аштық жариялап, өзіне тәуелсіз дәрігерді кіргізуін талап еткен. Кейінірек аштықты тоқтатты.
Кремль қазір Навальный мен жақтастарын қудалауды күшейткен. Ресей думасы 25 мамырда "экстремистік ұйым" мүшелерінің сайлауға қатысуына тыйым салатын жобаны екінші оқылымда мақұлдаған. Қыркүйек айына белгіленген сайлау қарсаңында билік Навальный құрған қор мен тағы екі ұйымды "экстремистік ұйым" ретінде танытуға күш салып жатыр.
Әлеуметтік зерттеу қорытындысы басқарушы "Единая Россия" партиясының беделі бұрын-соңды болмаған төмен деңгейге түсіп кеткенін көрсеткен.
ПІКІРЛЕР