Accessibility links

Минск соты Протасевичпен бірге ұсталған Ресей азаматы София Сапеганы екі айға қамады


София Сапега.
София Сапега.

Беларусь соты 23 мамырда Ryanair ұшағы Минскіге төтенше жағдайда қонғаннан кейін ұсталған Ресей азаматы София Сапеганы екі айға қамады.

Адвокат Александр Филанович РБК агенттігіне берген сұхбатында сейсенбі күні тергеушілердің София Сапегадан жауап алғанын айтқан. Ол бірнеше қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Қазір Беларусь ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында қамауда отыр.

25 мамырда беларусьтің билікшіл "Желтые сливы" арнасы София Сапеганың видеосын жариялады. Онда қыз бала өзін таныстырып, Роман Протасевичпен бірге ұшқанын айтады, ішкі істер орган қызметкерлерінің жеке ақпаратын жариялайтын телеграм арнаның редакторы болғанын мойындайды.

Ол видеода жылдам сөйлеп, өзін ыңғайсыз сезінгені байқалады. Оппозиция өкілдері билік Сапеганы күштеп сөйлеткен деп санайды.

  • Бұған дейін Ryanair рейсінде Сапегадан басқа тағы ресейлік төрт азаматтың болғаны жайлы хабар тараған. Алайда Ресей СІМ бұл ақпаратты растамаған.
  • 23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп ұшақты Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.
  • Роман Протасевич соңғы кездері "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасын жүргізіп келген. Ол – Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны "террористер тізіміне" қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.
  • 24 мамырда Беларусь телеарналары Роман Протасевичтің видеомәлімдемесін жариялады. Видеода журналист жағдайы қалыпты екенін, Минскідегі тергеу изоляторында отырғанын және өзіне қызметкерлердің "дөрекілік" көрсетпегенін айтады. Блогер сонымен бірге жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша жауап беріп жатқанын атап өткен.
  • Видеомәлімдемені көрген журналистің анасы Наталья Протасевич ұлының жағдайына алаңдап, оған қысым көрсеткен болуы мүмкін деп санайды.
  • Батыс елдері Минскіден журналисті босатуды талап етіп жатыр. 24 мамырда Брюссельдегі кездесуде Еуропа одағына мүше 27 елдің жетекшілері Беларусь билігіне тағы да санкция салуға келісті. Жиында ЕО лидерлері одаққа мүше елдердің әуе компанияларын Беларусь төбесінен ұшпауға, Беларусьтің Belavia әуе компаниясын Еуропаға кіргізбеуге шақырған. Belavia 30 қазанға дейін Ұлыбритания мен Францияға рейс ұшырмайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG