Accessibility links

Ақтөбе соты "ҚДТ жұмысына араласты" деп айыпталған белсендінің бас бостандығын шектеді


Берік Ноғаев (оң жақта) Қытай зауыттарына қарсы митингіге шығып тұр. Ақтөбе, 2019 жылдың қыркүйегі.

26 мамырда Ақтөбе қаласының №2 соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталған белсенді Берік Ноғаевтың бас бостандығын екі жылға шектеді. Ол 26 ақпаннан бері үйқамақта отырған.

Судья Ербол Әбдіхалықов "Ноғаев "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жұмысына белсенді араласып, 2019 жылы 4 қыркүйекте Ақтөбедегі облыс әкімдігі алдында "Көше партиясы" мен ҚДТ ұйымының лидерін жақтап сөз сөйлейді, тіркелмеген қозғалысты насихаттады, сөйтіп қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірді" деді.

Ноғаев тағылған айыппен келіспейді. Соңғы сөзінде ол "демократия үстемдік құрған елде, парламенттік республикада тұрғысы келетінін, балаларының болашағына алаңдайтынын" айтты. Ноғаев сот үкіміне риза емес. Апелляциялық алқаға шағымданбақ ойы бар.

- Режим бір отбасының игілігіне қызмет етіп отыр. Қалайда аузымызды жапқысы келеді. Сондықтан мұндай істердің бірде-біреуі кәсібилік тұрғысынан қаралмайды. Бұл – сот емес, "судилище"! Режимнің "судилищесі"! Оларға басқа ештеңе айта алмаймын. Режим есінен ауысты. Оларға қалайда біздің аузымызды жабу керек. Адамдардың пікір айтудан қорыққаны, өз құқықтарын пайдаланбағаны керек. Сондықтан Қазақстанда мұндай істер ортақ шаблонмен қаралады, - деді Берік Ноғаев соттан кейін Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұхбатында.

Белсендінің адвокаты Жанболат Құлжанов та "тергеудің қолында заңды дәлел мен дәйек жоқ" деп санайды.

"Тергеу сотқа ұсынған күмәнді бейнежазбада Берік Ноғаевқа ұқсайтын адам сөз сөйлеп тұр. Бірақ жазбаға сот-портреттік сараптамасы жасалған жоқ" деді адвокат Құлжанов сот жарыссөзі кезінде.

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында тұратын белсенді Берік Ноғаев осыған дейін әділ сайлау, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға қатысқан. Бейбіт акциялар үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапқа тартылған.

  • Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын 2018 "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. 2020 жылы "Көше қозғалысын" ҚДТ-ға қатысы бар деп, бұл ұйымның да қызметін шектеген. Еуропарламент бұл екі ұйымды бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған.
  • ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
  • Әблязов Қазақстанда өмір бойына сотталған. Ол ҚДТ-ны экстремистік деп таныған сот шешімін және өзіне қатысты шыққан үкімнің саяси астары бар деп санайды.
  • Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
  • Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG