Accessibility links

Covid: Бекшин Алматы халқының ұжымдық иммунитеті 20-25 пайызға жеткенін айтты


Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 27 мамыр күнгі брифинг кезінде алматылықтардың коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеті 20-25 пайызға жеткенін айтты.

– 15 пайызы вакциналаудың нәтижесінде пайда болды, 10 пайызға жуығы – былтыр және биыл ауырып, жазылғандар есебінен қалыптасқан. Қалада мутацияланған штамдар тарап жатқан шақта ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және арттыру эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, – деді Бекшин.

Ол сонымен бірге алматылықтарды вакцина алуға шақырып, бұл қалыпты өмірге оралудың ең тиімді тәсілі деп атап өтті, вакцина есебінен науқастар санын азайтқан Израильді мысал ретінде келтірді.

– Біздің міндетіміз – вакцина алғандарды 70 пайызға жеткізіп, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына қол жеткізу. Сол кезде барлық шектеулерді аламыз, – деді Бекшин.

2020 жылдың желтоқсан айында Бекшин санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен мониторинг жөніндегі ғылыми-практикалық орталық мәліметіне сүйене отырып, Алматы тұрғындарының 55-56 пайызында ұжымдық иммунитет қалыптасты деген болатын. Дегенмен ол аталған зерттеуге аз адам қатысқандықтан ондағы мәлімет те нақты болмауы мүмкін екенін ескерткен.

Алматыда мамырдың соңғы аптасында Бекшиннің есебінше, науқастардың тәуліктік көрсеткіші 700-ден 290-300-ге дейін азайған. Оның айтуынша, науқастардың 33,4 пайызын (1228 адам) – жұмыссыздар, 21 пайызын (773 адам) – түрлі кәсіпорын қызметкерлері, 21,7 пайызын – (799 адам) зейнеткерлер, 7,6 пайызын (278 адам) – мектеп оқушылары, 5,4 пайызын (199 адам) мектепке дейінгі мекемелерде оқитын балалар құрайды.

Бекшин тамақтану орындарында вирус жұғу көбейгенін де айтып өтті.

25 мамыр күнгі ақпарат бойынша Алматыда 293 928 адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. Бұл халықтың – 14,8 пайызы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG