Accessibility links

Иранның рухани көсемі 585 кандидатты президент сайлауына жібермеу туралы шешімді мақұлдады


Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи (сол жақта) және жоғары сот төрағасы, президенттіктен үміткер Эбрахим Раиси.
Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи (сол жақта) және жоғары сот төрағасы, президенттіктен үміткер Эбрахим Раиси.

Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи 500-ден астам кандидатты президент сайлауына жібермеуді мақұлдады. Бұл туралы ол 27 мамырда парламент мүшелерімен кездесу кезінде хабарлады. Сайлауға жіберілмеген 585 кандидаттың арасында оппозиция өкілдері де бар. Хаменеи Конституция сақшылары кеңесі "тиісті шаруаны атқарды" деп мәлімдеді.

Иранда президент сайлауы 18 маусымда өтеді. Оған 592 адам кандидатурасын ұсынған. Тіркеу процесі тақалған кезде Конституция сақшылары кеңесі іріктеу шартын өзгертіп, кейбір саяси күштер кандидаттарын ұсына алмай қалды.

Сайлауға жіберілмегендер арасында бұрынғы президент Махмуд Ахмадинежад, қазіргі вице-президент Эсхак Джахангири, парламенттің бұрынғы төрағасы Әли Лариджани, бұрын ішкі істер министрі міндетін атқарған оппозиционер Мостафа Таджзаде де бар.

Сарапшылар сайлауда жоғарғы соттың төрағасы Эбрахим Раисидің жеңу мүмкіндігі көп деп санайды. Ол елдегі ең консервативті саясаткерлердің бірі. Оның 1988 жылы бірнеше мың оппозиционерді дарға асу ісіне қатысы бар екені айтылады.

Оппозиция сайлауға бойкот жариялауға шақырып жатыр. Ахмадинежад сайлауға бармайтынын айтып, кандидаттар арасында қолдауға лайық саясаткер жоғын айтты. Азаттықтың Иран қызметінің жазуынша, елде алғаш рет бұрынғы және қазіргі шенеуніктер сайлауға бармауға үндеп отыр. Хаменеи сайлауды пайдасыз деп атаған саясаткерлерді тыңдамауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG