Accessibility links

Ақтөбеде инфрақұрылымның жоқтығына шағымданған тұрғындар әкімдікке жиналды


Ақтөбе облысы әкімдігінің алдында наразылық танытып тұрған тұрғындар. 28 мамыр 2021 жыл.
Ақтөбе облысы әкімдігінің алдында наразылық танытып тұрған тұрғындар. 28 мамыр 2021 жыл.

28 мамыр күні Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс-4 ауылының отыз шақты тұрғыны облыс әкімдігіне жиналып, шағымдарын айтты. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, осыдан үш жыл бұрын берілген жер телімдеріне электр қуатынан өзге инженерлік коммуникация желілері тартылмаған.

- Барымызды сатып, несиеге кіріп, үй тұрғызып қойдық. Енді ол үйде не газ жоқ, не су жоқ – қаңырап тұр. Тірнектеп жинағанымыз ұры-қарыға жем бола бастады. Жылу мен ауыз су құбыры тартылмаған үйімізге үш жылдан бері көшіп бара да алмай отырмыз. Жергілікті биліктің "күтіңдер, болады" деген сөзіне сеніп, биыл екі-үш отбасы қыстап шықты. Олар ауыз суды тасып ішіп, көмір жағып қатты қиналған, - дейді жиналғардардың бірі Жұмабек Амантурлин.

Тұрғындар облыс пен қала басшыларынан жүздеген отбасының мәселесін тез арада шешіп беруді талап етіп отыр. Айтуларынша, әкімдікке наразылықтарын айтып келмес бұрын олар шағымдарын жазбаша жолдап та көрген. "Сырғытпа жауаптан шаршадық" деген отыз шақты адам "басқа лажы қалмағанын" айтады.

- Халыққа жер бергеннен кейін коммуникация желілерін тартып бермей ме? Жарайды, ауыз суды тасып ішерміз. Газсыз қалай отырамыз?! Жер алған адамның 250-і үй тұрғызып қойды. Сол үйіне кіре алмай үш жылдан бері бала-шағасымен тентіреп жүр. Шыдамның да шегі бар емес пе? Облыс басшыларының бұл мәселені тез арада шешіп беруін талап етеміз! - дейді Жаңақоныс-4 ауылынан жер учаскесін алған тұрғынның бірі Қарлығаш Қарманова.

Наразы жұртты сабырға шақырған Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовтың сөзінше, мәселе биыл шешілуі тиіс. Бірақ әкім Аққағазов Жаңақоныс-4-ке нақты қай кезде газ құбыры тартылатынан айта алмады.

- Жаңақоныс-4 ауылына газ құбырын тарту үшін 259 млн теңге қажет. Біз бұл қаржыны республика бюджетінен алмақ болып, ұсыныс жасағанбыз. Тендер жарияланды. Бірақ республика ұсынысымызды қолдамағандықтан мамыр айының 15-іне жоспарланған тендер өтпей қалды. Облыс пен қала басшылары бұл жағдайдан хабардар. Сабыр етіңіздер! Биыл Жаңақоныс-4 тұрғындар алабына газ құбырын, Жаңақоныс-5 тұрғындар алабына жарық тарту үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады, - деді Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

Жаңақоныс-4 ауылы Ақтөбеден он шақырым жерде. Әкімдіктің мәліметінше, 2018 жылы бұл жерден 1700 тұрғынға жер телімі берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG