Accessibility links

"Челси" - Чемпиондар лигасында жеңімпаз. Лондондықтар ағылшын финалында "Манчестер Ситиді" жеңді


"Челси" ойыншылары ЧЛ кубогын алған сәт. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.
"Челси" ойыншылары ЧЛ кубогын алған сәт. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.

29 мамырда Портуда (Португалияда) өткен футболдан Чемпиондар лигасының финалында Лондонның "Челси" командасы жеңіске жетті. Бұл клуб финалда Англияның тағы бір командасы "Манчестер Ситиден" басым түсті – 1:0.

Финалдағы жалғыз әрі шешуші голды 42-минутта "Челси" құрамындағы германиялық ойыншы Кай Хварец салды. Ол "Манчестер Сити" қақпашысы Эдерсенмен бетпе-бет келіп, алдап өтіп, допты бос қақпаға салды.

"Челси" ойыншысы Кай Хварец "Манчестер Сити" қақпашысы Эдерсенді алдап өткен сәт. 29 мамыр 2021 жыл.
"Челси" ойыншысы Кай Хварец "Манчестер Сити" қақпашысы Эдерсенді алдап өткен сәт. 29 мамыр 2021 жыл.
Кай Хварец гол салған сәт. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.
Кай Хварец гол салған сәт. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.

Биылғы финал Түркияның Стамбул қаласында өтуі керек еді. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешуші матч Портуға ауысты.

"Челси" Чемпиондар лигасының (ЧЛ) финалында үшінші рет ойнап, екінші рет жеңіске жетіп отыр. Лондондық команда 2012 жылы финалда германиялық "Бавариядан" пенальти сериясында басым түсіп, кубокты иеленген.

"Манчестер Сити" командасы алғаш рет Чемпиондар лигасының (ЧЛ) финалында ойнады. Бұл клуб - ЧЛ тарихында финалға шыққан 42-команда.

ЧЛ финалында үшінші рет англиялық командалар кездесті. 2008 жылы Мәскеуде "Манчестер Юнайтед" "Челсиді", 2019 жылы Мадридте "Ливерпуль" "Тоттенхэм" командасын жеңген.

Бір елдің командалары ЧЛ финалында барлығы жеті рет ойнаған. 2000 жылғы финалда испаниялық "Реал Мадрид" "Валенсиядан", 2014 және 2016 жылы "Атлетиодан"; 2003 жылы италиялық "Милан" "Ювентустан"; 2013 жылы германиялық "Бавария" "Боруссия Д" командасын жеңген.

ЕКІ КОМАНДА ФИНАЛҒА ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

"Манчестер Сити" мен "Челси" финалға дейінгі барлық ойында жеңілген жоқ. Топтық кезеңде екеуі де өз топтарында бірінші орын алды.

"Манчестер Сити" топтық кезеңде грекиялық "Олимпиакос", франциялық "Марсельді" екі матчта да жеңіп, португалиялық "Портуды" бір рет ұтып, бір рет тең түсті. Ал 1/8 финалда германиялық "Боруссия М", ширек финалда тағы бір германиялық команда "Боруссия Д", жартылай финалда франциялық ПСЖ клубынан басым түсіп, шешуші матчқа шықты.

"Челси" топтық кезеңде франциялық "Ренн" командасын екі матчта да жеңіп, испаниялық "Севилья" және ресейлік "Краснодар" командаларымен бір матчта тең түссе, бір матчта жеңіске жетті. Лондондық клуб 1/8 финалда испаниялық "Атлетико", ширек финалда "Порту", жартылай финалда испаниялық "Реал Мадридті" жеңді.

"МАНЧЕСТЕР СИТИ" МЕН "ЧЕЛСИ" ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

"Челси" командасын германиялық Томас Тухель жаттықтырады. Ол бапкер ретінде екінші жыл қатарынан ЧЛ финалына шықты. Былтыр Тухель франциялық ПСЖ командасымен финалда ойнап, германиялық "Бавариядан" жеңілген. Тухель – екі жыл қатарына екі түрлі команданы ЧЛ финалына шығарған алғашқы бапкер.

ЧЛ жарысын үш маусым қатарынан германиялық бапкер жеңді. Былтыр неміс Ханс-Дитер Флик жаттықтыратын "Бавария", 2019 жылы Юрган Клопп (Германия) баптайтын "Ливерпуль" ЧЛ жарысында жеңімпаз болған.

"Челси" алты рет Англия чемпионы атанған. Бұл команда соңғы рет 2017 жылы чемпион атанған. Лондондық клуб Англияның биылғы чемпионатында 4-орын алды. Ал ЧЛ жарысына 17-рет қатысты.

"Манчестер Ситиді" испаниялық Хосеп Гвардиола жаттықтырады. Егер бұл жолғы финалда манчестерлік команда жеңгенде, Гвардиола ЧЛ жарысын екі түрлі командамен жеңген алтыншы бапкер болатын еді. Ол 2009 және 2011 жылы испаниялық "Барселонамен" осы турнирді жеңген.

Томас Тухель (тізертеп отырған) мен Хосеп Гвардиола (артқы фонда) финалдық матчта. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.
Томас Тухель (тізертеп отырған) мен Хосеп Гвардиола (артқы фонда) финалдық матчта. Порту, 29 мамыр 2021 жыл.

"Манчестер Сити" - Англияның жеті дүркін чемпионы. Команда биыл Англия чемпионатында топ жарды. Бұл клуб оныншы рет ЧЛ ойнады. Команда турнирге 2011 жылдан бері үзбей қатысып келеді.

"Манчестер Сити" мен "Челси" биылғы маусымда осымен төртінші рет кездесіп, үш матчта "Челси" жеңді. Ал Англияның өз ішінде барлығы 166 рет ойнап, 68 рет "Челси" жеңсе, 58 рет "Манчестер Сити" басым түскен. 40 матч тең аяқталған.

ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ ҚАНДАЙ ЖАРЫС?

Чемпиондар лигасы - UEFA-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) мүше елдердің чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысатын ең ірі клубтық турнир.

Чемпиондар лигасын испаниялық "Реал" - 13 рет, италиялық "Милан" – 7 рет, германиялық "Бавария" мен англиялық "Ливерпуль" алты реттен жеңді.

Футболы дамыған Англия, Испания, Германия, Франция, Италия, Португалиядан бұл турнирге үш-төрт команда қатысады. Ал рейтингі төмен елдерден тек ішкі чемпионатта жеңімпаз атанған командалар ойнай алады. Қазақстан рейтингі төмен болғандықтан бұл жарысқа ел чемпионы атанған команда ғана қатысады және жарысты іріктеу кезеңінен бастайды.

2015/2016 жылғы футбол маусымында Қазақстан чемпионы "Астана" іріктеу кезеңінен өтіп, алғаш рет ЧЛ жарысының топтық кезеңіне шыққан. Команда алты ойынның төртеуінде тең түсіп, екеуінде жеңіліп, 1/8 финалға шыға алмаған еді. "Астана" топтық кезеңінде испаниялық "Атлетико" (0:0, 0:4), португалиялық "Бенфика" (2:2, 0:2) және түркиялық "Галатасараймен" (2:2, 1:1) ойнаған.

Биылғы маусымда бұл жарысқа тағы да "Астана" командасы қатысып, іріктеуден өте алмады. Команда алғашқы іріктеу кезеңінде румыниялық ЧФР клубынан жеңіліп қалды.

Келер 2021/2022 жылғы футбол маусымында бұл жарысқа Қазақстанның қазіргі чемпионы алматылық "Қайрат" қатысады және турнирді іріктеуден бастайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG