Accessibility links

11:3. Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатында Италияны жеңді


Қазақстан хоккейшілері Италиямен ойында. Рига, 29 мамыр 2021 жыл.
Қазақстан хоккейшілері Италиямен ойында. Рига, 29 мамыр 2021 жыл.

Шайбалы хоккейден Ригада (Латвия) өтіп жатқан әлем чемпионтында Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Италияны 11:3 есебімен жеңді. Бұл - Қазақстанның осы әлем чемпионатындағы төртінші жеңісі.

Құрама осыған дейін Латвияны және 2019 жылғы әлем чемпионаты Финляндияны буллитте (буллит - хоккейдегі "пенальти сериясы") басым түскен. Германияны 3:2 есебімен жеңген. Ал АҚШ құрамасынан 0:3, Канададан 2:4 есебімен жеңілген.

Қазір қазақстандық хоккейшілер алты ойыннан кейін 10 ұпаймен топтық кестеде Финляндиядан кейін 2-орында тұр. Одан кейінгі орында Германия (9 ұпай), АҚШ (9), Латвия (8), Канада (6), Норвегия (5), Италия (0). Топта алғашқы төрттікке енген командалар ширек финалға шығады.

Құрама 31 мамырда Норвегиямен ойнайды. Егер Қазақстан Норвегиядан басым түссе, ширек финалға өтуге мүмкіндік болады.

Қазақстан хоккейшілері бұған дейін әлем чемпионатының элиталы тобында төрт ойында жеңіске жетіп көрмеген.

Ұлттық құраманы қазақстандық бапкер Юрий Михайлис жаттықтырады. Командада канадалық Джесси Блэкер, Куртис Волк, Даррен Диц, швециялық Виктор Сведберг сынды легионерлер ойнайды. Олардың барлығы Қазақстан азаматтығын алған.

Қазақстан шайбалы хоккейден әлем чемпионатының элиталы кезеңінде 1993 жылдан бері сегіз рет қатысып, топтық кезеңнен әрі аса алмаған. Бұл елдің құрамасы 1998, 2006 жылғы қысқы олимпиадаға қатысқанымен, плей-офф кезеңіне шыға алмады. Қысқы Азия ойындарында 1996, 1999, 2011. 2017 жылдары чемпион атанған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG