Accessibility links

Ильяшев: Сот бейбіт митинг өткізу ісінде алғаш рет белсендінің құқығын ішінара қорғады


Белсенді Әлнұр Ильяшев. 22 сәуір, 2021 жыл.
Белсенді Әлнұр Ильяшев. 22 сәуір, 2021 жыл.

Алматы қаласы әкімдігі мен Әлнұр Ильяшев арасындағы дауда сот алғаш ретін белсендіні жақтайтын ұйғарым жасады.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қала әкімдігі Ильяшевтің құқығын бұзды деген ұйғарыммен келісті. Ақпан айында Алматының Бостандық аудандық соты қала әкімдігі Әлнұр Ильяшевтің бейбіт митинг өткізуіне қарсылық білдіргенде оған қаулының шешімін бермей, белсендінің конституциялық құқығын бұзды деген ұйғарымға келген.

Қалалық сот "өкілетті мемлекеттік орган әкімдіктің қаулысын өтініш берушінің мекенжайына арнайы поштамен жіберу туралы заң талабын орындамады" деген тұжырыммен келісті. Алматы сотының ұйғаруынша, бұл құжат Ильяшевтің "құқықтары мен заңды мүдделеріне" қатысты болған, ал қоғамдық даму басқармасы онымен "танысуға құқықтық мүмкіндік жасамаған".

Азаттыққа пікір білдірген Әлнұр Ильяшев өмірінде алғаш рет сот жергілікті басшылықпен арадағы дауда оның талабын орындағанын айтты.

– Меніңше, бұл алғаш рет [болып тұр]. Сотта менің атымен өкілдік еткен Маржан Аспандиярова мен Ерлан Қалиевтің де, [құқық қорғаушы] Евгений Жовтистің де [өміріндегі бірінші жағдай]. Қозғамдық даму басқармасы менің құқығыма қатысты құжат бермей, әрекетсіздікке барды, ал бұл Конституция нормасын бұзады, – деді Ильяшев.

2020 жылғы 13 қарашада Әлнұр Ильяшев "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдында бейбіт пикет өткізетінін айтып, Алматы әкімдігіне хабарлама қалдырған. Әкімдік бұл шараға рұқсат бермеді, бірақ сот отырысында белгілі болғанындай, белсендіге бұл туралы қаулы тапсырмаған.

Ильяшев әкімдікті сотқа беріп, үшінші тарап ретінде қоғамдық даму басқармасын көрсеткен.

26 ақпанда Бостандық ауданының соты Ильяшевтің талабын орындап, "Қоғамдық даму басқармасы" мемлекеттік коммуналдық мекемесінде байқалған заңбұзушылық жайлы Алматы қаласы әкімінің қаперіне салу" туралы қаулы шығарған.

– Бейбіт митинг өткізу құқығымыз бойынша біздің әкімдікке жазған шағымдарымыздан шаршаған Бостандық аудандық соты бірдеңені өзгерту керек деген "ескерту жасады" ма деген болжамымыз бар, – деді Ильяшев.

Сондай-ақ ол әкімдіктің бейбіт пикет өткізуге рұқсат бермеуін заңды деп тапқан сот шешімімен бәрібір келіспейтінін айтты.

Ильяшев "Қазақстандағы барлық инстанциялардан өтіп, қажет болса бұл кейсті БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне жолдауға ниетті" екенін айтты. "Бұл Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт аясында мойнына міндеттеме алған Қазақстандағы бейбіт митинг өткізу құқығы [қаншалық орындалмай отырғанын] паш етеді" деді ол.

Қазақстанда 2020 жылдың маусымынан бері бейбіт жиналыстар өткізу тәртібіне қатысты жаңа заң жұмыс істейді. Оған сәйкес, митинг не пикет ұйымдастырушы жергілікті биліктің "рұқсатын" алудың орнына, жоспарланған шараны өткізерден бес күн бұрын "хабарлама" тапсыруы керек. Ел ішіндегі және шетелдегі белсенділер мен құқық қорғау қоғамдастығы жаңа заң бұрынғысынша азаматтардың бейбіт жиналыс өткізу жөніндегі конституциялық құқығын қатаң шектейді, ал кез келген "ыңғайсыз" шараның алдын алу үшін әкімдіктердің қолында барлық тетіктер сақталған деп есептейді.

43 жастағы Әлнұр Ильяшев былтыр Facebook желісінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқараты биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынап, жазба жариялағаны үшін үш жыл бас бостандығын шектеу, саяси және қоғамдық жұмыстарға бес жыл араласуына тыйым салу жазасына кесілген. Жақында Азаттыққа берген сұхбатында ол осы тыйымдардың кесірінен мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүргенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG