Accessibility links

#CancelElbasy. Басылым редакциясына Назарбаев суреті туралы жаңалықты алып тастауды талап еткен хат келді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village Kazakhstan басылымынан елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген муралдағы жазба туралы жаңалықты алып тастауды талап етті. Бұл туралы ресурс жетекшісі Айсана Әшім Twitter парақшасында жазды.

Постқа қоса тіркелген министрлікке қарасты комитет хатының көшірмесінде басылым сайтында "Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің бейнесін қорлайтын материал жарияланғаны" ескертілген және "Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті - елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және бұл заңмен қудаланады" делінген.

Азаттыққа берген түсініктемесінде Айсана Әшім The village Kazakhstan редакциясы ақпарат комитетінің қылмыстық жауапкершілікті еске салған хатын "кәсіби журналистік қызметке араласу және Қазақстан Конституциясының 20-бабы тыйым салған цензура әрекеті" деп бағалайтынын айтты.

- Материалды алып тастамадық, тек муралдың суретін бұлдыратып, басына ескерту қостық, - деді Әшім.

The village Kazakhstan редакциясы жауап хатында "Қазақстан қылмыстық кодексіндегі 131 (қорлау) және 373-баптард (Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық, Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті - елбасының бейнесін бүлдіру) халықаралық сарапшылар қауымы бұрыннан сынға алып келе жатқанын" жазады.

Сондай-ақ, редакция "БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті пікір бостандығы мен оны еркін білдіру құқығын бұзатын, соның ішінде Қазақстан президентін қорлаумен, жария қорлаумен немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзге де қол сұғумен байланысты заңдар мен іс-әрекетке алаңдаушылық білдіргенін" еске салады.

Қазір The Village Kazakhstan жарияланымында: "Редакция ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитетінен 2021 жылғы 28 мамырда келіп түскен талапқа байланысты бұл материалға тіркелген суретті жасыруға мәжбүр. Комитет гараждағы тұңғыш президент – елбасы бейнесіне әлдекімдер жазып кеткен #cancelelbasy деген жазуды Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау деп санап, оны жариялағандардың үш бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен" деген жазу шығып тұр.

Бұған дейін The Village Kazakhstan сайтында "Белгісіз адамдар Назарбаев суреті бар муралды өзгертті: олар "Forever Young" сөзін өшіріп "Cancel" сөзін қосты" деген тақырыппен жаңалық шығып, қасына муралдың суреті жарияланған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президент қызметінен кеткен, дегенмен ол әлі де ел басқарудың көп тетігін қолында сақтап отыр.

Экс-президентті "қорлауға" қатысты қылмыстық бап 2020 жылғы маусымда қарағандылық Арман Хасеновке қолданылған. YouTube-те Назарбаевтың атына сын айтқан видеоролик жариялаған ол қылмыскер деп танылып, үш жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

Бұған қоса елде "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы туралы" Конституциялық заң бар. 2010 жылы қабылданған бұл заң Назарбаевқа осындай мәртебе берген.

Бақылаушылар мен құқық қорғаушылар Қазақстан заңындағы бірінші президент туралы ережелерді "жеке басқа табынудың белгілері" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG