Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Минскінің Ресей кредитінің 500 миллион доллар көлеміндегі екінші траншын алатынын айтты.
"Бұл – екінші транш. Ол туралы ұшақ төңірегіндегі оқиғаға дейін-ақ белгілі болған" деп келтірді Песковтың сөзін ресейлік ақпарат агенттіктері.
Ресей кредиті жөніндегі келісімге 2020 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған. 500 миллион доллар көлеміндегі бірінші траншты Беларусь қаржы министрлігі былтыр 30 желтоқсанда алған.
Сонымен қатар, Песков Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь лидері Александр Лукашенконың 28-29 мамыр күндері Сочиде кездесу өткізгенін айтты.
Баспасөз хатшысының сөзінше, кездесуде Путин Ryanair ұшағын күштеп отырғызу кезінде Роман Протасевичпен бірге қамауға алынған Ресей азаматы София Сапеганың мәселесін көтерген. Ресей сыртқы істер министрлігіне Сапеганың ісін қадағалау тапсырылған.
Песков Лукашенконың Путинге Ryanair ұшағы төңірегінде жағдай туралы баяндаған. Путиннің баспасөз хатшысы жағдайды эмоциясыз қарастыру керек деді.
Песковтың айтуынша, Сочидегі кездесуде Путин мен Лукашенко ортақ валютаға өту немесе Беларуське қосымша көмек көрсету мәселесі талқыламаған.
Бұл – Лукашенко мен Путиннің жыл басынан бері үшінші рет кездесуі. Кейінгі кездесу бес сағаттан астам уақытқа созылған. Кездесу нәтижесі бойынша ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.
Владимир Путин 2020 жылғы қыркүйектің ортасында Лукашенкомен өткен кездесуде Беларуське 1,5 миллиард доллар көлемінде кредит беруге уәде берген. Кейінірек Ресей қаржы министрлігі 1 миллиард доллардың мемлекеттік кредит ретінде, 500миллион доллардың Еуразиялық тұрақтандыру және даму жөніндегі қордан қаржылай кредит ретінде берілетінін айтты.
Лукашенко Сочиде Путинмен кездесіп жатқанда бірқатар Еуропа елінің астанасында Беларусь оппозициясын қолдау акциялары өтті. Бұл акцияларды өткізуге Беларусьтің шетелде жүрген оппозиция лидері Светлана Тихановская шақырған. Варшавада акция қатысушыларына беларусь журналисі Роман Протасевичтің анасы да қосылды.
Протасевич өткен аптада Минскіде Ресей азаматы София Сапегамен бірге ұсталған. Олар Ryanair ұшағымен Афиныда Вильнюс қаласына ұшып бара жатқанда Беларусь билігі бомба болуы мүмкін деп ұшақты төтенше жағдайда қондырған.
"Мен АҚШ-ты және Еуроодақтың барлық елін Роман мен Софияны және түрмеге қамалған барлық адамды босатуға көмектесуге шақырамын" деді Протасевичтің анасы Наталья жиналғандарға.
Шерушілер Александр Лукашенкоға қарсы ұран айтып, Беларусь оппозициясының қызыл-ақ-қызыл туын жалаулатты. Тихановская Вильнюсте өткен осындай жиынға қатысты.
"Біз бүгін еркіндігіміз үшін күресімізді жалғастыруда жігерімізді көрсету үшін жиналып отырмыз. Біз берілмейміз" деді ол жиналған 150 шақты адамның алдында. Украина астанасы Киевте наразылыққа 100-ге жуық адам шықты. Олардың дені – Беларусь азаматы.
ПІКІРЛЕР