Accessibility links

Ақтөбе облысында жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы ету шешіміне қарсылық білдірді


Ақтөбеде жүк көлігі жүргізушілері тас жолдарды ақылы етуге наразылық ретінде көлігін жол бойына қойып қойды. 30 мамыр 2021 жыл.
Ақтөбеде жүк көлігі жүргізушілері тас жолдарды ақылы етуге наразылық ретінде көлігін жол бойына қойып қойды. 30 мамыр 2021 жыл.

30 мамыр күні Самара-Шымкент, Ақтөбе-Астрахань тас жолдарының Ақтөбе облысындағы бөлігінде жүздеген жүк көлігінің жүргізушісі жиналып, жолды ақылы ету туралы шешімге наразылық білдірді. Бұл туралы Азаттыққа Қандыағаш пен Хромтау бағытындағы тас жолдарда қарсылық акциясын өткізген көлік жүргізушілері хабарлады.

Ақтөбе-Астрахань тас жолындағы наразылық акциясына қатысқандардың бірі Серік Кеңесбаев Қандыағаш қаласына таяу жолды бойлай 50 шақты жүк көлігі тұрғанын айтты. Оқиға орнынан жіберілген видеоларға қарағанда, көліктер жолды жаппаған.

– Наразылық білдірушілер арасында транзиттік көліктер де бар. Біз қозғалысқа кедергі келтіріп тұрған жоқпыз. Тек дауысымыздың билік басындағыларға жеткенін қалаймыз. Жолдардың ақылы болуына қарсымыз! Халықаралық тасымалмен айналысқаныма он жылдан асты. Біраз жерді араладым. Кей елдерде ақылы жолдардың бары рас. Бірақ ол елдер азаматтарынан көлік салығын алмайды. Ақылы жолдар Ресейде де бар. Ресейде көлік жүргізушілеріне мейлінше жағдай жасалған. Ал Ақтөбе облысында ақша төлейтіндей жол жоқ, – деді Серік Кеңесбаев Азаттыққа телефонмен.

Жолды ақылы ету бастамасына қарсы наразылық Самара-Шымкент тас жолының Хромтау ауданындағы бөлігінде де өтті. Куәгерлердің айтуынша, оған жүздеген көлік жиналған. "Үнемі жолда жүремін, қудалауы мүмкін" деп аты-жөнін атамауды өтінген жүргізушілердің бірі жол бойында 17 сағаттан бері тұрғанын айтты. Оның сөзінше, наразылар жол жиегіне 30 мамырға қараған түні жинала бастаған. Билік өкілдері олардың тарауын талап етіп, таңнан бері жолды торуылдап жүр.

– Билік Ақтөбе облысындағы Ақтөбе-Орынбор, Ақтөбе-Орал және Қарабұтақ-Қызылорда бағытындағы тас жолдарын жүк көліктері үшін ақылы қылмақ. Бұл бағыттағы жолдардың тек Орынборға апаратыны ғана талапқа сай. Қалғаны шұрқ-тесік, ақы төлейтіндей жол емес. Көлік салығын төлеп отырмыз. Билік алдымен жолдарды жөндеп, ақы алу жайын сосын айтсын. Жол талапқа сай болса, өз басым ақы төлеуге қарсы емеспін. Әр шақырымға 25 теңге дегендері ақылға сыймайды. Мысалы, Ресейде әр шақырым үшін 14 теңгеден төлеп жүрміз, –дейді Самара-Шымкент тас жолының бойындағы наразыларға бүгін түс әлпетінде қосылған Ақылбек Темірбекұлы.

Наразылармен кездесуге "Қазавтожол" ұлттық компаниясы Ақтөбе облысы филиалының басшысы Марат Махамбетов келіп, "жолдардың ақылы болатыны рас, бірақ 1 маусымнан емес" деді.

– Қазақстан жолдарын ақылы қылу жайын индустрия министрлігі (Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустрия министрлігі – ред.) биыл қаңтар-ақпан айларында айта бастады. Алдағы бір аптада бұл жоба тағы да талқыланады. Мүдделі тараптардың ұсыныстары ескеріліп, қай жолға қанша ақы алынатыны бекітілуі тиіс. Биыл Қазақстан аумағындағы республикалық маңызы бар 5,8 мың шақырым жол жүк көліктері үшін ақылы болады деп жоспарланып отыр. Бірақ бұл жолдармен жүретін жеңіл көліктерден ақы алынбайды, – дейді Марат Махамбетов.

17 мамырда "Қазавтожол" ұлттық компаниясы маусымнан бастап Қазақстан бойынша жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын 18 жол бөлігін ақылы болатынын хабарлаған. Оған Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор (шекараға дейін) бағытындағы бөліктер кіретін болған.

Ұлттық компанияның мәлімдемесіне қарағанда, жолдар үш категорияға бөлініп, біріншісінде ақыны бәрі төлейді, екінші және үшіншісінде ақыны тек жүк көліктері төлемек, жеңіл көліктер тегін жүреді. Компания ақы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана алына бастайтынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG