Accessibility links

Беларусь журналисі Роман Протасевич КГБ-ның тергеу изоляторына ауыстырылды


Роман Протасевич.
Роман Протасевич.

Беларусьтегі "Весна" құқық қорғау тобы журналист, оппозиция белсендісі Роман Протасевичтің мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тергеу изоляторына ауыстырылғанын хабарлады.

30 мамыр күнгі Телеграм арнасында "Весна" тобы Протасевичтің әпкесінен сәлемдеме алғанын, бірақ сөмкеден белгісіз бір кітаптың тәркіленгенін жазды.

"Весна" тобы қамау орталығының атауы немесе мекенжайы туралы ақпарат таратпады. Бұған дейін Протасевич Минскідегі N1 тергеу изоляторында қамауда болған.

26 жастағы Роман Протасевич "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша айыпталып отыр. Бұл бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Роман Протасевич соңғы кездері "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасын жүргізіп келген. Ол – Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны "террористер тізіміне" қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.

Роман Протасевич өткен аптада Минскіде Ресей азаматы София Сапегамен бірге ұсталған. Олар Ryanair ұшағымен Афиныда Вильнюс қаласына ұшып бара жатқанда Беларусь билігі "ұшақта бомба болуы мүмкін" деп ұшақты төтенше жағдайда қондырған.

Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың наразылығын туғызды. Көптеген ел Минскіден Протасевичті босатуды талап етті. Еуроодақ Беларусьтен келетін рейстерге тыйым салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG